$470.28 €537.53 ₽5.99
×

«Семей орманында» тағы екі өрт тұтанды

«Семей орманында» тағы екі өрт тұтанды
ТЖМ

20 шілде күні сағат 14:22-де «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Семей филиалына қарасты Қала маңы орманшылығының 55 және 65 орамдарында екі орман өрті тіркелді.

Өрт туралы хабар түскен бойда оны сөндіру жұмыстары дереу басталды. Қазіргі уақытта өрт ошақтарын оқшаулау және толық сөндіру үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.

Өртті сөндіруге:

«Қазавиаорманқорғау» РМК-ның 1 тікұшағы;

«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватынан 6 автоцистерна, 3 трактор және орман күзетінің 20 қызметкері;

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерінен 6 техника мен 17 қызметкер жұмылдырылды.

Сонымен қатар қосымша күш ретінде өрт орнына «Қазавиаорманқорғау» РМК-ның Ми-8 тікұшағы жіберілді.

Алдын ала мәлімет бойынша, әрбір өрт ошағының аумағы шамамен 2 гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орманда шыққан. Өрттің сипаты – төменгі өрт, қарқындылығы жоғары.

Алдын ала болжам бойынша, өрттің шығуына найзағайдың түсуі себеп болған.

Өрттің одан әрі таралуына жол бермеу және оны қысқа мерзімде толық сөндіру мақсатында қажетті күштер мен құралдар жұмылдырылған. Жағдай Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тұрақты бақылауында.