$470.28 €537.53 ₽5.99
×

Қазақстанда заңсыз көлік импортын тоқтатуға бағытталған жаңа шаралар енгізіледі

Қазақстанда заңсыз көлік импортын тоқтатуға бағытталған жаңа шаралар енгізіледі
Фото: Үкімет

Кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы жаңа тәсілдер 1 қыркүйектен бастап енгізілуі тиіс

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов машина жасау саласы экономиканы әртараптандырудың басты қозғаушы күші екенін атап өтіп, автомобиль өнеркәсібін жоғары технологиялық деңгейге көтеру бойынша жауапты министрліктерге шұғыл міндеттер жүктеді.

Үкімет басшысының айтуынша, «KIA Qazaqstan» мен «Astana Motors» сияқты ірі жобалар өнеркәсіпті жаңғыртуға үлкен серпін берді. Ендігі кезекте саланы кешенді түрде дамыту мақсатында бекітілген тапсырмалар аясында бірқатар жүйелі шара іске асырылады.

Біріншіден, елімізде заманауи талаптарға сай автобөлшектер өндірісі жолға қойылады. Ол үшін қосалқы бөлшектер өндірісінде қолданылатын отандық шикізат түрлерін кеңейту қажет. Мысалы, Қарағандыдағы «Qarmet» компаниясы автобустар мен жүк көліктеріне арналған болат шығаруда, ал келесі кезеңде жеңіл автомобильдерге арналған болат өндірісі қолға алынбақ. Оған қоса мыс, алюминий, хром, пластик пен кабель өндірісі дамытылады. Осыған байланысты Өнеркәсіп министрлігіне бір ай ішінде автобөлшектер өндірісін құру жоспарын әзірлеу тапсырылды.

«Халықаралық энергетика агенттігінің деректеріне сәйкес, 2030 жылға қарай электромобильдердің әлемдік автокөлік сатылымындағы үлесі 40%-дан асады. Жаһандық автоөнеркәсіп саласы да белсенді түрде электр жүк көліктерін пайдалануға көшуде. Бүгінде еліміздің негізгі күре жолдарының бойында электр көліктерін қуаттайтын 70-ке жуық станция жұмыс істеп тұр. Жақында «Car Park Transformer» компаниясымен 2030 жылға дейін жол бойында сервистік қызмет көрсетуге арналған 250 станция салу бойынша инвестициялар туралы келісім бекітілді. Алдағы уақытта да жаңа инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасай отырып, тиісті инфрақұрылымды белсенді дамыту қажет», - деді Бектенов.

Қазақстан электромобильдерге арналған аккумулятор өндірісінің жаһандық тізбегіне ықпалдасады. Елімізде бұл бағытқа қажетті шикізат қоры бар, соның ішінде сфералы графит шығаратын ірі жоба іске қосылмақ.

Сонымен қатар, мемлекет басшысының Қытайға сапары кезінде аккумулятор өндірісіндегі әлемдік көшбасшы CATL компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, инвесторлар елімізде жоғары технологиялық өндірісті бастауға ниет білдірді. Барлық уәкілетті органдарға бұл жобаның жүзеге асырылуын ерекше бақылауда ұстау тапсырылды.

Машина жасау саласындағы кадрлық әлеует нығайтылып, ғылым мен өндіріс ықпалдастырылады. Соңғы 5 жылда жоғары оқу орындары 1700-ге жуық, ал колледждер 32 мыңнан астам маман даярлап шығарған. Дегенмен, автокөліктерді цифрландыру мен электрлендіруге байланысты кәсіптік стандарттарды заманауи талаптарға сай жаңарту қажет. Өнеркәсіп министрлігіне бір ай ішінде бұл стандарттарды жаңарту, ал Ғылым министрлігімен бірлесіп, автоөнеркәсіп кластерлері базасында ғылыми-зерттеу зертханаларын құру бойынша ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Ел аумағына көлік құралдарын заңсыз әкелу фактілеріне тосқауыл қойылады. Қаржы және Өнеркәсіп министрліктері 10 күн ішінде заңсыз импортқа жол бермеу жөніндегі шаралар кешенін әзірлейді. Кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу саласындағы жаңа тәсілдер ағымдағы жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілуі тиіс.

Премьер-министр барлық қабылданып жатқан шаралар бойынша халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Осы міндеттердің орындалуын бақылау мен үйлестіру Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевқа жүктелді.