Жүк көлігінің жүргізушісі екі бірдей әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Атырау облысында жүргізуші оқиға орнында түсірілген бейнежазбаға қатысы жоқ өзге аудиожазбаны қабаттап, шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқан. Оған қатысты жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік хаттама рәсімделіп, іс материалдары сотқа жолданды. Бұл туралы аймақтық Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.
Айта кетейік, 19 шілдеде Атырау облысы аумағында ірі көлемдегі жүк тиеген автокөліктің жол бойында қараусыз қалдырылғаны анықталды. Оқиға орнына келген патрульдік полиция қызметкерлері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірін уақытша шешіп алған.
«Тексеру барысында 38 жастағы жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 594-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, автокөліктің жол учаскесінен қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері тарапынан тиісті көмек көрсетілді», – делінген ПД хабарламасында.
Атырау облысы Полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желілерде ақпаратты жарияламас бұрын оның шынайылығына көз жеткізуге шақырады. Жалған ақпарат тарату заңмен белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске саламыз.