$469.59 €536.22 ₽5.96
×

Бабатай ауылының тұрғындары мәселелерін жеткізді

AstanaTV
21.07.2026ж. 19:00
Бабатай ауылының тұрғындары мәселелерін жеткізді

Елорданың іргесіндегі Ақмола облысына қарайтын Бабатай ауылында не дәрігерлік пункт, не жастар жиналатын мәдениет үйі жоқ. Тіпті ауыз су мен жол мәселесі де толық шешімін таппаған. Тұрғындар жылдар бойы тұралап қалған мәселелерін біздің тілшімізге айтып берді.

Елорда түбінде орналасқан Бабатайда бүгінде жүздеген отбасы тұрады. Алайда мұнда қарапайым тұрмысқа қажетті инфрақұрылым атымен жоқ. Жастар бос уақытын өткізетін мәдениет үйі түгілі, тұрғындар басы ауырып, балтыры сыздағанда баратын дәрігерлік пункт те салынбаған.

АМАНҒАЗЫ ЗЕЙІТОВ, БАБАТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Медпункт жоқ біздің ауылда. Библиотека ауылда жоқ бізде. Мәдениет үйі талай ақылды жастар осы ауылымыздан шығып жатыр, өнерпаз балалар бар. Алайда олардың кешке баратын, уақыт өткізетін орны жоқ.

МАРАЛ БРИШЕВА, БАБАТАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауылдың жарты бөлігінде жағдай жасалған, ал екінші жақта ештеңе жоқ. Асфальт төселмеген, су да өшіп қала береді.

Жергілікті билік өкілдері бұл мәселелерді жоққа шығармайды. Десе де түйткілдердің бәрін бірдей шешуге ауылдық округтің қаржылық мүмкіндігі шектеулі болып отыр дейді.

БОЛАТБЕК БАЙСАГАНОВ, АРНАСАЙ АУЫЛЫНЫҢ ӘКІМІ:

2023 жылы халықтың сайлауымен осында әкім болдым. Содан бері көшенің жарығын орнаттым. Су, жол, жарық бар. Енді ақырындап-ақырындап бюджет бөлінгенде  4-уровень дейді ғой бюджетте,  қаржыны жинағаннан кейін күзде, жиналғаннан кейін налогтар сонда бөліп отырмыз.

Ендігі үміт - әзірленіп жатқан жобалау-сметалық құжаттарда. Бабатайлықтар жылдар бойы созылған инфрақұрылым жыры жақын арада оң шешімін табады деп сеніп отыр.