$469.59 €536.22 ₽5.96
×

Көлеңкелі жолмен көлік әкелуге тыйым салынады

Көлеңкелі жолмен көлік әкелуге тыйым салынады

Қазақстанда 5 жарым миллион жеңіл көлік бар. Оның дені 10-20 жылдап жүйткіп жүрген – ескі машина. Автопарктың ахуалын реттеп, жаңа көліктерді молайту үшін Үкімет машина өндірушілерді қолдап отыр. Нәтижесінде ел азаматтары бір жылда   230 мың жаңа машина сатып алды. Сұраныс жоғары. Сондықтан алғашқы 6 айдың ішінде өндіріс көлемі  35 процентке артқан. 10 мың қазақстандықты жұмыспен қамтып отырған машина жасау саласы ары қарай қалай дамиды? Айсәуле Съезбек тарқатады.

Елімізде жүргізушісіз жүретін жүк көліктері өндіріледі. Бұл ретте отандық автозауыттар жасанды интеллект технологияларын белсенді қолданбақ. Алға қойған мақсат 2 жыл ішінде жүзеге асады деп жоспарланған.  Қазір 11 машина жасайтын өндіріс орны бар. Жыл соңына дейін олар 190 мың темір тұлпарды нарыққа шығармақ. 

ЕРСАЙЫН НАҒАСПАЕВ, ҚР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫС МИНИСТРІ:

Соңғы бес жылда салаға 457 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Мемлекет басшысының Қытайға сапары аясында автомобиль жасау саласында бірқатар маңызды келісімге қол жеткізілді. Атап айтқанда, Li Auto, OMODA және JAECOO маркалы автомобильдер өндірісін, SITRAK пилотсыз жүк тартқыштарды шығаруды және BYD компаниясымен бірлесіп жоғары жылдамдықты зарядтау стансалары желісін дамыту көзделуде.

Саладағы серпіліс сандық көрсеткішпен ғана шектелмейді. Жақында «Astana» атты жаңа отандық автобустар бренді іске қосылады. Дизайнын толықтай қазақстандық инженерлер әзірлеген. Оған әлемдік өндірушілердің компоненттері мен Қытайдың алдыңғы қатарлы технологиясы біріктірілген. Заманауи машина жасайтын мықты маман даярлауды да мемлекет назардан тыс қалдырмаған.

САЯСАТ НҰРБЕК, ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ:

Автомобиль өнеркәсібіне қажетті инженерлік бағыттар бойынша 4 мыңға жуық студент білім алуда. Биыл осы бағыттарға 3 мыңнан астам мемлекеттік грант бөлінді. «Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқылы 176 маман даярланды, қазіргі уақытта 23 стипендиат Германия, Ұлыбритания, АҚШ, Чехия, Жапония, Қытай, Италия және басқа да елдерде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтуде.

Отандық өндірісті өркендету үшін ішкі нарықты заңсыз өнімнен тазарту қажет. Премьер-министр Олжас Бектенов кедендегі олқылықтарды пайдаланып, елімізге техникалық талаптарға сай келмейтін «сапасыз» көліктерді кіргізуді шектеуді тапсырды. 1 қыркүйектен бастап кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеу күшейеді. «Сұр» импортқа толықтай тосқауыл қойылады.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: 

Қолда бар деректерге сәйкес еліміздің аумағына көлік құралдарын заңсыз әкелу фактілері әлі де тіркелуде. Мұндай көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Бұл, соның ішінде кедендік заңнама нормаларын құқықтық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарға да байланысты. Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірге он күн ішінде автокөліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу жөнінде шаралар кешенін әзірлесін.

Отандық көлік қаптағанмен, халықтың қалтасы көтере ме? Үкіметте бұл мәселе де қаралды. Министрлік автонесиелеу кезіндегі Қарыз жүктемесінің коэффициентін алып тастауды ұсынып отыр. Яғни, қарыз жүктемесі көп азаматтардың да автонесие алуға мүмкіндігі артпақ.