$469.59 €536.22 ₽5.96
×

Баланың қолына кітапты қалай ұстатамыз?

Баланың қолына кітапты қалай ұстатамыз?

Ақпарат пен технологиялар ағыны  бойлап бара жатқан қоғамдағы өзекті мәселенің бірі - балаларды кітап оқуға баулу. Компьютерлік ойынға құмартқан жасөспірімді кітаппен қалай дос қылуға болады? Қазір бұл сұрақ көп ата-ананы алаңдатады. Баланы жазаламай, телефонды қолынан тартып алмай-ақ кітапқа баулудың құпиясы неде? Мамандармен тілшіміз Ақбота Базарбай тілдесті.

Секундтық трендтер мен лайк қуған виртуалды әлем. Қазіргі баланың назарын аудару үшін жазушыларға TikTok-пен бәсекеге түсуге тура келіп тұр. Статистикаға сүйенсек, жасөспірімдер күніне орта есеппен 4-6 сағатын әлеуметтік желіде өткізеді. Салдарынан зейін шашыраңқы болып, ми танымдық тоқырауға ұшырайды. Психологтар баланы кітапқа күштеп емес, бейімдеп баулудың маңызды екенін айтады.

АНАРГҮЛ ИБРАЙЫМБЕКОВА, ПСИХОЛОГ:

Баланы кітап оқуға баулу үшін міндетті түрде қызығушылығын арттыру керек. Егер баланы мәжбүрлейтін болсақ, балада кітапқа деген наразылық пайда болуы мүмкін. Қызығушылығын қалай оятамыз, балаларға қандай кейіпкерлер ұнайды соған бірінші назар аударуымыз қажет, соған байланысты кітаптар, ертегілер таңдауымызға болады. Баламен бірге дүкенге, кітапханаға барып, баланың өзіне кітап таңдауға мүмкіндік беруге болады. 

Кітап оқу - тек уақыт өткізу емес, бұл болашақ ұлтты тәрбиелеудің басты құралы. Кітапқұмарлардың бойында айналасында болып жатқан құбылысқа дұрыс баға бере білетін, сыни ойлай алатын тереңдік пен берік құндылықтар қалыптасады.

САЯТ ЫБЫРАЙ, “АЛҚА” ОҚЫРМАНДАР КЛУБЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ:

Өзің кітап оқымасаң да бірақ үйіңде кітапхана тұрсын дейді. Өсіп келе жатқан бала ана кітаптарды көріп өсуі керек. Кейін тіпті үйлердегі жиналып тұрған кітапханалардан бас тарта бастадық. Бұл келесі өзінің ұрпағына әсер етіп жатыр. Сондықтан біз бүгін кітап ұстап метрода, я автобуста кітап оқып келе жатса таңданатын жағдайға жетіп қалдық. Бұл әрине, өте үлкен өкінішті жағдай.

Кітапханашылар керісінше, оқырман саны жыл санап артып келе жатқанын айтады. Оқитын адамның қай ортада да ілгері екенін жастар түсіне бастады дейді. Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасына жылына 8 мыңға жуық оқырман келеді. Тек бүгінгі оқырманның талабы да, талғамы да бөлек. 

ЖӘМИЛӘ ЖАНАРБЕК, ОРТАЛЫҚ БАЛАЛАР ЖӘНЕ ЖАСӨСПІРІМДЕР КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Жастар кітапхананың кеңдігін, әдемілігін қалайды. Сонымен қатар заманауи жанрдағы кітаптарды көп сұрайды, трендтегі кітаптарды, аудармаларды көп сұрайды. Десе де классика ол сұраныстан түскен емес. Кітапхананың жарықтығы, әдемілігі, жайлылығы, сосын жаңа технологиямен жабдықталуы оқырмандар үшін өте маңызды. Оқырман кітапхананың ішкі кейпіне өте қатты мән береді.

Тек инфрақұрылымды жаңарту жеткіліксіз. Кітапқа деген сүйіспеншілік ең алдымен шаңырақтың ішінде, отбасылық дәстүрден басталуы тиіс.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІНІҢ VIII ШАҚЫРЫЛЫМ ДЕПУТАТЫ:

Отбасылық кітап оқу мәдениеті дегеніміз ол кем дегенде ана мен баланың, әке мен баланың арасындағы бір айрықша эмоционалды қарым-қатынастарды қамтамасыз етеді. Бірге сөйлесуге, бірге құпияларымен бөлісуге, ойларын тереңдетуге ықпал етеді. Айналып келген кезе кітап оқитын азаматтар бәсекеде интернет қарап жатқан азаматтарды жеңеді деген сияқты пікірлер жоқ емес қой.

Қазір жарнамасы жоғары, трендтегі дүниелер ғана жұртты қызықтырады. Сондықтан кітапты күндіз-түні насихаттап, оны цифрлық заманның ажырамас өмірлік өзегіне айналдыра алсақ, бұл ұлт болашағы үшін жасалған ең үлкен жеңіс болмақ.