$469.59 €536.22 ₽5.96
×

Қазақстанда темекі шегетіндер өкпе обыры скринингінен тегін өтетін болды

Қазақстанда темекі шегетіндер өкпе обыры скринингінен тегін өтетін болды
Фото: istockphoto.com

В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға бағытталған тексерулердің ауқымы кеңейтілді

Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік зерттеулер жүргізу тәртібін жаңартты. Енді профилактикалық тексерулер бағдарламасына алғаш рет өкпе обырына арналған скрининг енгізіліп, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға бағытталған тексерулердің ауқымы кеңейтілді.

Тиісті өзгерістер «Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» бұйрыққа енгізілді.

Жаңа қағидаларға сәйкес, өкпе обырына скринингтен 50-70 жас аралығындағы (тиісті жасқа толатын жылы) ерлер мен әйелдер өте алады. Ол үшін мына талаптарға сай болуы қажет:

  • бронхтар немесе өкпенің қатерлі ісігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрмауы;
  • темекі шегетін және шылым шегу өтілі 20 қорап-жылдан (pack-year) кем болмауы;
  • немесе темекіні тастағанына 15 жылдан аспауы;
  • соңғы 10 жыл ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен зиянды еңбек жағдайларындағы мамандықтар бойынша жұмыс істеуі.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтау бағдарламасын да кеңейтті.

Енді 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер төмендегі талаптарға сәйкес келген жағдайда тексеруден өте алады:

  • В және С созылмалы вирустық гепатиттері бойынша диспансерлік есепте тұрмауы;
  • жүктілік бойынша есепте тұрмауы.

Өзгерістер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық эталондық бақылау банкінде жарияланды.