$469.59 €536.22 ₽5.96
×

«Әскерде командирім зорлады»: Threads-те аянышты жазба жариялап, ақша жинаған жас жігіт сотталып кетті

«Әскерде командирім зорлады»: Threads-те аянышты жазба жариялап, ақша жинаған жас жігіт сотталып кетті
Фото: Видеодан скрин

Ол әлеуметтік желіде әдейі жалған ақпарат таратып, заңсыз жолмен ақша жинамақ болған

Threads желісінде әскерде зорланғаны туралы жазба жариялаған 23 жастағы астаналық сотталып тынды.

Елорда тұрғынына қатысты сот үкімі шығарылды. Ол әлеуметтік желіде әдейі жалған ақпарат таратып, заңсыз жолмен ақша жинамақ болған.

ІІМ мәліметінше, осы жылдың ақпан айында ол анонимді түрде жариялаған жазбасында әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын ойдан шығарып, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбаға ақша аударуға арналған банк реквизиттерін де қоса көрсеткен.

«Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірінің шағымынан кейін жүргізілген тексеру барысында жарияланған ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтіні анықталды. Сондай-ақ сотталған азаматтың ешқашан әскери қызмет өтемегені белгілі болды. Ақша жинау үшін ол мән-жайды білмейтін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Екі күннің ішінде бұл шотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен. Тергеп-тексеру барысында күдікті жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындады», – делінген хабарламада.

Алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.

Полиция азаматтарға әлеуметтік желілердегі тексерілмеген ақпаратқа сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға кеңес береді. Тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенім артыңыз.