Астанада ағза трансплантациясы, трансплантолог дәрігерлердің еңбегі және өмірлік маңызы бар операцияны күтіп жүрген адамдардың тағдыры туралы баяндайтын «4739» деректі фильмінің тұсаукесері өтті. Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, дәрігерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, реципиенттер мен олардың отбасылары, сондай-ақ фильмнің авторлары мен кейіпкерлері қатысты. Сонымен бірге Аида Балаева: "Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт денсаулығы еліміздің басты құндылықтарының бірі екенін үнемі атап көрсететінін айтты. Үкімет трансплантация жүйесін одан әрі жетілдіруге, медициналық ұйымдардың кәсіби әлеуетін нығайтуға және халыққа түсіндіру жұмыстарының сапасын арттыруға баса мән береді. Себебі, әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғау – мемлекет үшін бұлжымас әрі ең жоғары басымдық " екенін атап өтті.
МӘНШҮК МАҚСҰТҚЫЗЫ, ДЕРЕКТІ ФИЛЬМНІҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Шынына келген кезде Қазақстанда ағзаға кезекте тұрған адамдардың саны-4739 адам Қазақстанда ағзаға зәру. Сондықтан біз осы санды алдық. Осы дерек көрерменнің жадында сақталса екен деген оймен.
БЕРІК ШАРАВ, ДЕРЕКТІ ФИЛЬМНІҢ РЕЖИССЕРІ:
Жалпы түсірілім кезінде қиындықтар болды деп айта алмаймын. Тек қана қиындық ол фильмнің басты кейіпкерлерімен дұрыс оларға деген бір подход табу оларды дұрыс ашу және де өзекті тақырыптарды дұрыс халыққа жеткізу. Осы ғана басты жауапкершілік болған шығар бізде.
Фильмнің басты мақсаты – ағза донорлығы туралы қоғамда ашық пікір қалыптастыру. Авторлар көрерменді ойландырып, әр азаматтың саналы таңдау жасауына түрткі болуды көздейді. Өйткені дәл осындай шешім болашақта трансплантацияны күтіп жүрген жандардың өмірін сақтап қалуы мүмкін.