$467.65 €533.26 ₽5.96
×

Түркістан облысында Бұхар бұғыларының саны жылдан-жылға көбейіп келеді

Түркістан облысында Бұхар бұғыларының саны жылдан-жылға көбейіп келеді

Түркістан облысында Бұхар бұғыларының саны жылдан-жылға көбеюде. Маралдар өңірдегі «Сырдария – Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің аумағы мен  Сырдария өзені бойындағы қалың тоғайларды мекендейді. Мамандар оларды ерекше бақылап, күтімге алған. 

«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағындағы 22 гектар аумақ биіктігі 3 метрлік темір тормен қоршалған.  Аға бұғышы Федор Бочаров  6 жылдан бері отбасымен осында тұрады. Таңғы 8-ден бастап жануарлардың жем-шөбін беру -соның міндеті.

ФЕДОР БОЧАРОВ, АҒА БҰҒЫ БАҒУШЫ:

Қызылша, картошка, қырыққабат бар, оның бәрі 500 гр есептеп беріледі. 12 келі шөп, 3-4 келі жем бір басқа. Бізде қоршаудың ішінде 41 бас, төлдерден төртеу. Соған қарап, таразымен өлшеп береміз. Бізге үйренген, ал бөтен адам болса қашады да. Әсіресе әйелім үшінші бұғышы болып істейді, ол айқайласа бәрі шығады.

Бұхар бұғыларын сақтау және көбейтуге арналған тұқымбақ Бүкіл дүниежүзілік жабайы табиғат қорының қолдауымен құрылған. Мұнда бастапқыда Шымкенттен 8 бас бұғы әкелінген. Ширек ғасырда қызыл кітапқа енген жануарлардың саны 40 есеге дейін өсіпті. Көбі еркіндікке жіберілген. Мамандар Бұхар бұғылары өткен ғасырдың орта тұсына дейін Сырдың бойын мекендеп, кейін жойылып кеткенін айтады.

ӘЙГЕРІМ ТӘЖИЕВА, «СЫРДАРИЯ-ТҮРКІСТАН» МЕМЛЕКЕТТІК ӨҢІРЛІК ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

Қалпына келтіру жұмыстары сол 2000 жылы жүргізіліп, осы өңірлік табиғи парк құрылғанан кейін осы мамандардың қарқынды жұмысынан Бұхар бұғысы көбейіп, 319 басқа жетіп отыр.  Жалпы еркіндікке жіберілген бұғылар. Олар тек қана біздің паркте емес, көршілес жатқан Қызылордаға дейін осы Сырдария өзенің бойымен жағалап кете береді.

Парк аумағындағы Бұхар бұғылары мекеме қызметкерлері тарапынан қатаң қадағаланады. Бейнебақылау камералары мен фототұзақтар орнатылған. Бұғылардың тіршілігі, өсіп-өнуі барлығы бақылауда. Ал оларды дәрі-дәрмек, жем-шөппен мемлекет қамтамасыз етеді.  Сондай-ақ парк аумағында қырғауыл да өсіріледі. 8 жыл бұрын қырғауыл басын көбейту мақсатында арнайы тұқымбақ құрылған.

МҰРАТ ҚОШҚАРБАЕВ, ҚЫРҒАУЫЛ ӨСІРУШІ:

Әр қырғауылға өзінің есептеп берілген тамағы бар, соны есептеп береміз. Балапандарға қазір үш мезгіл беріп жатырмыз. Үлкендері сырттан табиғи шөп, шегіртке жеп, қоректенеді ғой, оларға жаздың күні бір мезгіл береміз. Дәрі-дәрмек, витаминдерін қосып береміз. Балапандарға арналған арнайы жемдері бар, соны береміз. Үйірге бөлінеді. Бір үйірде қазір сыртта жүргендер 12-13 балапан шығарады ғой.

Қазір мұнда Сырдария қырғауылын көбейту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2 гектар аумақта қазір 2 мыңнан аса құс күтіп-бапталуда. Мамандар алдағы 3 жылда олардың санын 5 мыңға жеткізбек.