Қызылорда облысында абаттандыру талаптарын бұзғандар жауапқа тартылды.
"Заң мен тәртіп" қағидатын ілгерілету және елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету мақсатында Қызылорда облысы полиция департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын абаттандыру қағидаларын қатаң сақтауға шақырады. 2026 жылдың шілде айынан бастап елді мекендерді абаттандырудың жаңа талаптары күшіне енді. Енді жеке тұрғын үй иелері өздерінің ауласы ғана емес, қоршаудың сыртындағы 5 метр аумақтың тазалығына да жауапты. Белгіленген аумақта қоқыс, құрылыс материалдары немесе өзге де қалдықтар анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің талаптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылады. Сонымен қатар тұрғындар: қоршаудан тыс аумақтағы арамшөптерді уақтылы шабуға; қыс мезгілінде қар мен мұзды тазартуға; қоршау мен қасбетті күтіп ұстауға; тұрғын үйдің нөмірлік белгісін орнатып, оның сақталуын қамтамасыз етуге міндетті. Жеке тұрғын үйлердің маңына құрылыс материалдарын, кірпіш, цемент, бетон, сантехникалық бұйымдар мен өзге де қалдықтарды қалдыруға жол берілмейді. Бұл талаптар кәсіпкерлік нысандарының иелеріне де бірдей қолданылады. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы қалдықтарды уақтылы шығару – мүлік иелері бірлестіктері, пәтер иелері кооперативтері немесе басқарушы компаниялардың міндеті. Қоқысты контейнерлерден тыс жерге тастауға немесе ұзақ уақыт бойы үй маңында қалдыруға болмайды. Егер қалдықтар белгіленген мерзімде шығарылмаса, заңнамаға сәйкес жауапкершілік көзделген. Жыл басынан бері Қызылорда облысында абаттандыру қағидаларын бұзуға байланысты ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша – 1 299, ал 505-бабы бойынша – 6 649 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, заң талаптарына сәйкес шаралар қабылданды. Полиция аталған талаптардың сақталуы Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары арқылы тәулік бойы бақылауда екенін еске салады. Тазалық – әр азаматтың ортақ міндеті. Қоршаған ортаны таза ұстау – заң талаптарын орындаумен қатар, мәдениетті қоғам қалыптастырудың маңызды кепілі.