«Әділет» партиясы сайлауалды науқаны аясындағы ең ауқымды жобаларының бірін іске қосты. «Әділетті Қазақстан үшін» мобильді керуендері Қазақстанның өңірлеріне жол тартты. Алдағы бір айда олар 100-ден астам қала, аудан орталығы мен ауылды аралайды. Астанада алғашқы бағыттың басталуына партияның Құрылтай депутаттығына кандидаттар қатысты.
Алғашқы бағыттың жетекшісі болып партия Саяси кеңесінің мүшесі, белгілі тележүргізуші Армангүл Тоқтамұрат тағайындалды. Оның айтуынша, Қазақстанның 17 облысында алты мобильді топ жұмыс істейді.
«№1 бағыт Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының елді мекендеріне аттанады. Біздің команда аудан тұрғындары мен ауыл халқымен кездесіп, «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырады, азаматтарды толғандырған өзекті сауалдарға жауап береді. Сондай-ақ тұрғындардың ұсыныстарын жинап, оларды алдағы бірлескен жұмыс барысында ескереміз. Ертеңнен бастап халықпен алғашқы жүздесулер өтеді», - деді Армангүл Тоқтамұрат.
Кездесулер тұрғындармен ашық диалог форматында ұйымдастырылады. Партия өкілдері «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасын таныстырып, өңірлерді дамытуға қатысты ең өзекті мәселелерді талқылайды. Сондай-ақ азаматтардың ұсыныстарын жинап, оларды кейінгі заң шығару және партиялық жұмыс барысында пайдалануды жоспарлап отыр.
Сапар барысында ауылдық аумақтарға ерекше назар аударылады. Бүгінде онда Қазақстан халқының шамамен 37 пайызы, яғни 7,5 миллионға жуық адам тұрады. Мобильді керуендердің бағыты Шығыс Қазақстаннан Маңғыстау облысына дейін, Солтүстік Қазақстаннан Түркістан облысына дейінгі өңірлерді қамтиды.
Кездесулердің негізгі тақырыбы – халықтың табысын арттыру, өңірлік экономиканы дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсарту, цифрландыру, кәсіпкерлікті қолдау, сондай-ақ заңнаманы жетілдіруге қатысты тұрғындардың бастамалары.
Жобаға Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттарды, сенімді өкілдерді, сарапшылар мен белсенділерді қоса алғанда, партияның шамамен 200 өкілі тартылған. 29 күн ішінде мобильді керуендер 14 мың шақырымнан астам жол жүріп, кездесулерге 10 мыңнан астам қазақстандық қатысады деп жоспарланған.
Салтанатты рәсім соңында кандидаттар мобильді керуен қатысушыларына сәттілік тіледі. Ол сапарлардың басты нәтижесі өңір тұрғындарымен мазмұнды диалог орнату, азаматтардың ұсыныстарына мұқият қарау және халықты алаңдатқан ең өзекті мәселелерді терең түсіну болуы тиіс екенін атап өтті.