Түнгі қалада шу шығарғандар жауапқа тартылды.
Астанада полиция қызметкерлері түнгі уақытта отшашу атқан бірнеше тұрғынды жауапқа тартты.
Полиция департаментінің мәліметінше, алғашқы оқиға 22 шілдеге қараған түні тұрғын үйлердің бірінің ауласында болған.
Түнгі қаладағы шу
Түнгі сағат 00:00 шамасында алты адамнан тұратын топ отшашу атып, қатты шулап, тұрғындардың мазасын алған. Полицейлер оқиғаға қатысушылардың барлығын анықтады.
«Оларға қатысты түнгі уақытта тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік материалдар толтырылды. Пиротехникалық бұйымдарды 30 жастағы әйел атқаны белгілі болды. Ұсақ бұзақылық жасағаны үшін ол әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды», – деп хабарлады ведомстводан.
Тағы бір дерек 23 шілдеде «Бәйтерек» монументінің жанында тіркелді. Полицейлер досын сәбиінің дүниеге келуімен құттықтау үшін отшашу ұйымдастырған 37 жастағы ер адамды ұстады. Оның айтуынша, ол пиротехниканы алдын ала интернет-дүкеннен сатып алған.
«Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін сот ер адамға бес тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады», – деп толықтырды полициядағылар.
24 шілдеде осыған ұқсас оқиға Қошқарбаев даңғылында да болды. Онда 24 жастағы ер адам досын үйлену тойымен құттықтау үшін отшашу атқан. Полиция қызметкерлері әкімшілік материал хаттамалап, оны сотқа жіберді.
Қоғамдық тәртіп басты назарда
Бұған дейін полиция соңғы уақытта астаналықтардың тым шулы әрі көрсеткіш ретіндегі мерекелік шараларды жиі ұйымдастыратынын хабарлаған болатын. Бұл ретте қала тұрғындары ауқымы мен әсерлілігі жағынан бір-бірінен асып түсуге тырысады. Осының салдарынан жиі қоғамдық тәртіп бұзылып, айналадағыларға қолайсыздықтар туындайды.