Осы аптада Президент «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына өзгеріс енгізді. Сөйтіп жаңа вариант бекітілді. Апостроф жоқ. Қазақ тілінің төл дыбыстарының төбесіне диакритикалық акут белгісі қойылған. "ш" және "ч" дыбыстары "sh" және "ch"диграфтарымен белгіленген. Бір –ақ нәрсе айтқым келеді. Адам әлемді орыс тілі арқылы ғана танудан арылса, дүнияның кілті неде екенін жылдамырақ ұғар еді. Терең білім алғысы келетін адам үшін білімнің қайнар көзінің 95 пайызы ағылшын тілінде. Оның Қазақстанға, қазақтарға қатысы жоқ. Бүкіл әлем бойынша солай. Барлық қолданбалы ғылымдар – химия, физика, саясаттану, философия, психология, тағысын тағы, ағылшын тілінде өркендеген. Жаңа материалдар шығару, жаңа технологиялар, техникаларды басқару бәрі-бәрі ағылшын тілінде. Және оларды тарату тілі де ағылшын тілі. Әрине, тілді латын графикасына көшіргеннен ағылшын тілін оп-оңай үйренесің деген сөз жоқ. Мәселе «кириллицалық санадан» арылуда... Базаргүл Отыншиеваның материалы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: /қазан, 2017/
Ел болып, жұрт болып, өз еркімізбен әліпбиімізді, өзіміздің фонетикамызды, қазақтың тілін қабылдап отырмыз. Бәріміз үшін үлкен жауапкершілік, үлкен бақыт.
Латын қарпіне көшу кейбіреулер айтып жүргендей, аз уақытта апыр-топыр қолға алына салған шаруа емес. Мақсатты түрде, елеп- екшеліп барып жасалған қадам деуге әбден болады. Әріден қозғасақ, бұл еліміз тәуелсіздік алғалы бері ойда жүрген шаруа екенін Президент талай рет айтты. Алғаш рет ресми түрде 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы жиынында көтерді. Ал, 2012 жылы Халыққа арнаған жолдауында «2025 жылға қарай латын қарпіне көшу керектігін» қадап айтқан. Былтыр күзде латын қарпіне негізделген Қазақ әліпбиінің алғашқы нұсқасы парламенттік тыңдауға шығарылды. Біршама уақыттан соң ғалымдар өзге нұсқаны ұсынды. Қоғамда талқыланып, пісіп жетілген қазақ әлібпбиінің үлгісі мұнан соң Елбасыға таныстырылған.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: /қазан, 2017/
Әлемнің бірде-бір мемлекеті өзінің әліпбиін енгізуде барлық халықпен ақылдасқан жоқ біз сияқты. Талқылауға барлық өнірлер, қоғамының барлық топ өкілдері қатынасты. Президент әкімшілігіне 300-ден астам, үндеу мен ұсыныстар келіп түсті елден.
Жаңа әліпбиде қоғамдық талқылау кезіндегі ұсыныстар ескерілді. Осы іспен айналысатын арнайы жұмыс тобы құрылды. 32 қаріптен тұратын қазіргі нұсқаны талқылау барысында бір жарым мыңнан астам ұсыныс түскен. Сонымен, апта басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасын бекітті. Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы тарихи жарлыққа қол қойылды.
Іле шала Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жаңа әліпбимен құттықтады. «Бұл - тарихи маңызға ие оқиға» деген спикер қуанышты лебізін латын қарпімен жазды. Ал Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев әліпбидің осы нұсқасы әлдеқайда ыңғайлы екенін айтты.
Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:
Ұлттық комиссия арасында 5-6 топ ішінде бұл әрқайсы топтың ішінен үлкен жұмыс атқарылды. Біздер мысалы техникалық топты басқардым. Осы техникалық топтың апострофпен бірге қалай енгізілетін проблемаларын біз қарадық. Сол проблемаларды біз көтердік. Елбасы біздің айтқанымызды, мамандардың айтқанын естіп, осы жаңа нұсқаны енгізіп отыр.
Министр латын қарпіне көшу үрдісінің кезең-кезеңімен жүргізілетініне тоқталды. Бұл заңды да. Өйткені асығыс-үсігіс, шалағайлықпен атқарылатын шаруа емес, бұл.
Сонымен қазақ әліпбиінде 32 әріп бар. Апострофтар алынып тасталған. Өзімізге ғана тән ә, ғ, ң, ө, ү және у әріптерінің үстіне штрихтар қойылып жазылады. Сонымен қатар «sh» әріптері қосарланып «ш» дыбысын береді. «ch» қосарланып ч дыбысын береді. Бұл қаріптерді белгілеу үшін диграфтар енгізілді.
Қоғам қайраткері, қазақтың тілінің жанашыры Асылы Османның пайымынша, бұл бастама әсіресе, желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын үшін, келешек ұрпақ үшін аса маңызды. Әрі түбі бір түркі елдерін тонның ішкі бауындай араласуына ықпалдасады.
Асылы Осман, қоғам қайраткері:
Бізді бір бірімізге жақындастырады, мәдениет жағынан ұғыстырады. Екіншіден, ең негізгісі келешек жастарымыз үшін қажет. Әлем көшіне ілесу үшін баға жетпейтіндігін мен айтып келемін.
Тіл жанашырының бұл пайымына қазіргі жас буынның пікірі де дәл қабысып жатыр.
Гауһартас Жұрағат, Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы:
Біздің тілге деген өзгелердің қызығушылығы артады деп ойлаймын, себебі, француз итальян тілдеріндегі шығармаларды оқуға тырысасың дәл солай біздің қазақтың да тілге деген ерекшелігін сақтап қызығушылығы артушы еді. Жалпы менің ойымша ана тілін білген адамның миының даму үрдісі басқаша болады деп ойлаймын.
Шолпан Мұқан, №42 «Ақ ниет» гимназиясының 11-сынып оқушысы:
Ғылым мен техника осы латынға негізделеді. Оған жақсы тұрғыдан қараймын. Осы жаңалық шыққалы бері жаңа үлгімен жазып көрдім. Біз қазір көптеген шет тілдерді үйреніп жатырмызғ оның ішінде ағылшын тілі, кейде өзге тілден қазақ тіліне ауысқанда шатасыпғ кириллицаның орнына латын қарпін салып қоятын кезіміз де болады. Енді олай болмайды.
Ақыл жастан. Осы тұста алматылық 12 жастағы студент кириллицадағы сөздерді латын қарпіне лезде аударатын бағдарлама ойлап тапты. Ол бір секундта 13 кітапты аудара алады. Бағдарламада бар-жоғы екі команда орындалады. Кириллицадағы мәтінді таңдау мен жүктеу. Қас қағымда латын қарпіндегі нұсқасы шығады. Мысалы, бағдарлама бір секундта 90 миллион белгіні таныды. Компьютер неғұрлым тез ойланса, аударма жылдамдығы да арта түседі.
Абзал Мырзаш, ҚБТУ студенті:
Бірінші нұсқада теріп отырғанда автоматы түрде әріптер шығып отырады. Мысалы, Q әрпін терсе, оған enter-ді басып қажет емес, ол латын әліпбиі деген жерге өзі шығып отырады.
Абзалдың ойлап тапқан бағдарламасы әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатыр. Ал, қоғам қайраткері Асылы Осман латын қарпіндегі қаза әліпбиінің нұсқасын қатып қалған, өзгермейтін жоба деп қарамауымыз керек деген ойда.
Асылы Осман, қоғам қайраткері:
Елбасымыздың өзінің айтқаны да бар,әлде де жетілдіре түсетін, күш жүре түзеледі дегеннен қашпауымыз керек. Қазақтың тілі сонау 6-7 ғасырда алып арабқа да, 13 ғасырда тегеурінді моңғолға да, 19-20 ғасырда алып ормандай орысқа да төтеп беріп, өзінің мән-мағынасын жоғалтқан жоқ.
«Көш жүре түзеледі» приципін ғалымдар да қостайды. Жаңа әліпбидің болашақта әлі де толықтырыла, жетілдіріле түсеріне сенімді.
Ерден Қажыбек, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры:
Қажет болып жатса өзгертулер енгіземіз. Әліпбиде барлығы мінсіз болуы мүмкін емес. Бастысы әріпті дұрыс белгілеу жүйесі болуы керек. Бұл әліпбидің кириллицаға қарағанда жеңілірек екенін айтып өткен жөн.
Базаргүл Отыншиева, тілші:
«Латын әліпбиіне көшу арқылы санамыз бұғаудан босайды». Қазақ тілді БАҚ осылай деп жарыса жазып жатыр. «Сананың бұғаудан босауы». Иә, тым жалпылама естіледі, рас. Бірақ, мәні тым терең. Азуын айға білеген әлемнің алпауыт елдерімен ықпалдасуға, оларды тани түсуге, және ең бастысы, өзімізді, қазақты таныта түсуге жасалған ірі қадам бұл. Түйсіктің жаңғыруы, қазақ қоғамының рухани әлеміне айрықша бір сілкініс әкелеріне сенеміз.
Базаргүл Отыншиева «Біздің уақыт».