Adv pic
$474.47 €503.51 ₽4.88
×

Медеу Пұсырманұлы кім?

AstanaTV
24.02.2018ж. 20:00
6374
Медеу Пұсырманұлы кім?

Медеу«Медеу» десе есімізге атақты мұз айдыны түседі. Былайғы жұрт «ол бір байдың есімі екен» деп айтып жүр. Медеудің Қапшағай мен Мыңжылқыға дейін жайылған мыңғырған малдың иесі болғаны рас екен. Бірақ жиған-тергеніне малданған жуан қарын шонжар емес, аз өмір сүрсе де еліне игілікті еңбегі сіңген қайраткер болған, дейді зерттеушілер.Әріптесім Ришат Медеудің ұрпақтарымен кездескен, оларда атасынан қалған неше түрлі жәдігерлер бар екен. Алтындарын салып қоятын сандықты шетелде жасатып, кілтіне доллардың таңбасын салдырғаны таң қалдырды. Медеудің кім болғанын, ұрпағының әңгімесін Асқарбекұлы баяндап береді.    

Пұсырманұлы туралы бірді-екілі жазушы немесе журналистердің мақалалары  болмаса, мұрасы түбегейлі зерттелмеген. Атын әлемге әйгілі «Медеу» мұз айдыны иеленген тарихи тұлғаның кіндік қаны қазіргі Алматы облысы Қаракестек ауылында тамған. Ал әкесі Пұсырманды қаһармандығы үшін «жырық желке» деп атаған. Сұраншы батырмен тізе қосып, Ресей басқыншыларына қарсы күрескен. Алайда баласы Медеу есейгенде Жетісу губернаторы Колпаковскиймен дос болып, Верный қаласының іргетасын қалауға ат салысады. Медеу өз заманының жоғары табына кірген. 

Қапалбек Нағашыбекұлы, жазушы: 

Осындай игілікті істері үшін Колпаковский, сол кездегі генерал-губернатор, ерекше қадірлейді. Медеу орысша білген, орысша сауаты бар, мұсылмандық, арабша білген, қажылық, 5 мезгіл намазын қаза қылмаған. Ал енді Колпаковскийдің өзі көзі қарақты, прогрессивті көзқарасты адам болған. Оны біреу біледі, біреу білмейді. Озық ойлы адамдарды қасына шақырып ақылдасып отырған, елді тыңдаған. Сонда кез-келген мәселеде Медеуді тыңдап отырады екен, "қалай істейміз, не істейміз?" деп.

Дегенмен Медеу бала кезінде кедейліктің қамытын бір кісідей киеді. Бірақ өсе келе кәсіптің көзін тауып, мал-мүлік жияды. Жібек жолы бойында жатқан шаһарда сауда дамығандықтан, келімсек көпестермен тығыз байланыста болған. Орта жасқа келгенде  мыңғырған малдың иесіне айналады. Деректерде ол Орта Азия мен Солтүстік Қазақстан қалаларына шикізат өнімдерін саудалау арқылы дәулеттілер қатарына қосылған дейді. Медеу Пұсырманұлы Жетісуда дәуірі жүріп тұрған Ғабдулуәлиев, Пугасов, Юсупов сынды көпестермен дос болады.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Медеу Пұсырманұлының көктеуі мен күздеуі, жайлауы мен қыстауы қазіргі Қапшағай мен Мыңжылқы тауының арасына созылып жатқан ба? Аңызға бергісіз әңгімелерді зеттеушілер географиялық- картогрофиялық негіздерге сүйеніп дәлелдеуге тырысады. Картатанушы Молдияр Серікбаевтың дерегінше, Медеудің ата-қонысы қазіргі Алматы қаласының аумағын толықтай алып жатқан көрінеді...

Алматыдағы ең үлкен Достық даңғылына алғаш тас төккізіп, екі жағына ағаштан үй салдырған Медеу Пұсырманұлы. Ол кезде осы күнгі Медеу шатқалына апаратын жолдың бойына 27 мың адам қоныстанып үлгерген. Медеу мұсылман мектебін аштырып, қазақ балаларын жинайды. Отарланған елде тұрса да билеуші буржуазиямен бәсекелесіп, болыс атанады. Бірақ кеңес өкіметі орнамай тұрып, ол өмірден өтіп кетеді. Меккеге екінші сапарынан соң, 1908 жылы қан қысымынан 58 жасында қайтыс болады. Артында үш әйелінен тараған 12 ұлы мен 8 қызы қалады. Зертеушілердің айтуынша, ұрпағы советтерге қарсылық танытпай-ақ, мал-мүлкін өз еріктерімен тапсырыпты. 

Бекболат Тұрысжанов, Медеу Пұсырманұлының туысы:

Медеу өлген соң, 12 ұл қалған ғой, соларға ақыл берген Тоқаш Бокин деген революционер. Ол Медеудің балаларын жинап алып, керекті малды алып қалыңдар да, қалғанын өткіз деген. Сол үшін мал да аман, бас та аман қалады деген.

Әкеден мал қалғанша, тал қалсын дегендей, аман қалған ұрпақтары бүгінде өсіп-өнген. Алғашқы кезеңде олар кеңес өкіметі тартып алған малды өздері жалшы ретінде бағып, күнелткен деген естеліктер айтылады. Қазір шөберлерінің өзі 80-ді алқымдаған. Өмір бақи Алматыда тұрған, көздері ашық, әр саладағы мамандық иелері.

- 1906 жылы кеткен. Сонда бір жыл болған. Осы Құранды Меккеден әкелген.

Шәрбан апа - Медеудің бәйбішеден туған Жайшыбек деген баласынан тарайды. Медеу Пұсырманұлының өзі тұтынған заттары осы кісінің қолында сақтаулы. Құран, шот, тіпті зергерлік бұйымдары мен алтындарын сақтаған сандық та кілтімен осы үйде екен. Шетелге барғанда жасатып әкелген сандықтың кілтіне «доллардың» таңбасын салдыруының өзі көп нәрсені аңғартса керек.

Шәрбан Жәйшібекова, Медеу Пұсырманұлының шөбересі: 

Бұл шотты айтатын болсақ, Медеу "Қызыл таң" дүкенінің қожайыны Гавдуалиевпен жақсы болған. Содан алған болуы керек.

Туыстары кеңес уақытында Медеу Пұсырманұлы туралы білсе де, сыртқа тіс жармаған. Әлі күнге дейін жасқанатындарын айтады. Естелік білетін аталары көп сырды шәй үстінде ақтарғанымен, жазбаша сақталмаған. Тіпті ұрпақтары осы күнге дейін Медеудің фотосуреттегі бейнесін танымаған. Тек 2016 жылы Санкт-Петербургте басылып шыққан энциклопедиядан мына фотосы Алматыдағы Ұлттық кітапханаға түседі. Ал оған дейін газет-журналдарда Медеудің фотосы деп Шаяхмет атты ұлының суреті басылып жүрген.

Ғалия Өтебаева, Медеу Пұсырманұлының шөбересі:

Осы суретті сразу туысқандарға таратып бердім. Міне мынау Медеудің суреті деп, осыны біліңдер деп, тараттым бәріне.

Медеу Алматы облысы Іле ауданындағы Ащыбұлақ ауылына жерленген.  Заманында сырты зерлі кірпішпен қаланып, бар сән-салтанатымен жер қойнына берілген. Кейінгі ұрпағы шамаларына қарай тас орнатқан. Бірақ ұзақ жылдар қалың қорымның ішінде елеусіз қалыпты. Туыстары әруақты сыйлаған халық ретінде қайта жаңғыртуды ойлағанымен, әлі бел шешіп кіріспепті.

Бекболат Тұрысжанов, Медеу Пұсырманұлының туысы:

Мына тұрғанның бәрі бұрын үлкен дуал болатын. Бірақ неше жыл өтті, ол жауын-шашыннан басылып қалды. Көрдіңіз бе, басқа ештеңе жоқ, тұрғаны міне осы. Осыны біз көрсетуге де ұяламыз...

Ел пайымы мен парасаты бөлек деп танитын тұлғадан қалған тағылым қандай?! Өз байлығына мастанған шонжар, «шық бермес шығайбай» болмағанын естеліктер мен аз-кем деректер дәлелдейді. Осы күні дәулеттіні құрметтейтін, кәсіптің көзін тапқан адамды мықтылар санатына жатқызатын ұрпақ өсіп келеді. Қазіргі заманның тілімен айтқанда Медеу өз дәуірінің сондай мықты «бизнесмені» еді, дейді зерттеушілер.

Қапалбек Нағашыбекұлы, жазушы:

Біз осы Медеу Пұсырманұлы айлығын жариялап отырмыз. Оның мақсаты - қала тұрғындарына, ел жұртқа Медеу Пұсырманұлы кім болған, қандай болған, соны түсіндіріп, таныстыру. Медеу шатқалының, мұз айдынының, ауданның атын алып отыр. Ол кім? Бекер адамға дәулет бітіп, бақ қонбайды.

Зерттеушілер мен туыстарының бір арманы – шын қайраткерге естелік болатын еңселі ескерткіш орнатып, жеке бұйымдарын сақтайтын мұражай ашу. Алдағы наурызда жазушы айтқан «Медеу айлығы» қортындыланып, ғылыми конференция ұйымдастырылмақ. Сол кезде бастамашыл топ Алматы әкімдігіне осындай ұсыныс жасауға ниеттеніп отыр. 

Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».