$476.75 €541.59 ₽6.06
×

«Титаник» жолаушысының хаты аукционда шамамен 80 мың долларға сатылды

28.07.2026ж. 20:12
«Титаник» жолаушысының хаты аукционда шамамен 80 мың долларға сатылды
Фото: rg.ru

«Титаник» жолаушысының апаттан бірнеше күн бұрын жазған соңғы хаты Ұлыбританияда өткен аукционда 60 мың фунт стерлингке (шамамен 80 124 доллар) сатылды. Бастапқыда бұл лот ең көбі 35 мың фунт стерлингке бағаланған болатын. Генри Прайс Ходжестің хаты Ұлыбританияның Уилтшир графтығындағы Девизес қаласындағы аукцион үйінде саудаға шығарылды.

Генри Прайс Ходжес «Титаникке» Саутгемптон қаласында мініп, екінші класта сапар шеккен. Оның жол жүру билеті 13 фунт стерлинг тұрған. Ол 1912 жылғы 10 сәуірде кеме бортында жүріп, Саутгемптондағы Ньютаун консервативтік қауымдастығындағы досы Гектор Янгқа хат жазған.

Жолаушы Бостон қаласындағы туыстарына қонаққа баруды жоспарлаған. Хат Квинстаун қаласынан жіберілген. Онда Ходжес сапары жайлы баяндап, лайнердегі ахуалды сипаттайды. Ол ауа райының қолайлы екенін айтып, жолаушылардың ойын ойнап, кітап оқып және түрлі істермен уақыт өткізіп жатқанын жазған.

Хатының соңында Ходжес қатты шаршағанын айтып, ерте ұйықтауға ниетті екенін жеткізген. Алайда осы хат жазылғаннан кейін 5 күн өткен соң «Титаник» Нью-Йоркке бет алған сапарында Айсбергке соғылып, суға батты. Генри Прайс Ходжес шамамен 1,5 мың адаммен бірге қаза тапты. Кейін оның мәйіті табылып, Канаданың Галифакс қаласындағы Фэрвью зиратына жерленді.

Аукциондағы тағы бір құнды жәдігер – үшінші кластағы жолаушы Эрнест Томлиннің денесінен табылған бір долларлық банкнот болды. Ол 37 мың фунт стерлингке сатылды. Банкнот Томлиннің кеудешесіне тігіліп сақталған екен. Бұл лот та рекордтық бағаға өтіп, оның сатылу құны бастапқы бағалаудан шамамен 4 есе жоғары болды.