"Мені бүкіл әлем жек көрсе де, бәрібір. Бастысы, менің Америка халқына пайдам тисе болды". АҚШ Президенті сайлауалды үгіт-насихатта құлдыраған Дэтройт шаһарына барды. Ал, Трамптың өз алдына Биньямин Нетаньяху бармақ. Ол АҚШ Президентімен қарым-қатынасты жақсартамын деген ниетін жасырмады. Шартараптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Мен билікке келгелі АҚШ автоөнеркәсібі дами түсті. Дженерал Моторс зауытына барған АҚШ Президенті осылай деді. Ақ үй басшысы өтпелі сайлаудың үгіт-насихат жұмысы аясында Мичиган штатына, атап айтқанда автомобиль жасау астанасы Дэтройтқа барды.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мені бүкіл әлем жеке көрсе де бәрібір. Тіпті, өз халқым арасында да қарғап-сілеп жатқандар жеткілікті. Бірақ, мен АҚШ жұртына пайдамды бәрібір тигіземін. Әл-ауқаттарын арттырып, өнеркәсіпті дамытамын. Өйткені, менің ұранымды білесіздер. Бірінші кезекте – Америка.
Израиль әскері Палестина жерінде қайтадан дүрбелең туғызды. Жергілікті халықтың үйіне басып кіріп, қақтығысқа түсті. Ал, Премьер-министр Биньямин Нетаньяху Америкаға жолға шықты. Ол Трамппен кездесіп, 2 айдан бері суыған қарым-қатынасты қалпына келтірмек. Израиль басшысы бұл ойын жасырмады.
БИНЬЯМИН НЕТАНЬЯХУ, ИЗРАИЛЬ ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Президент Трамп менің туған бауырымдай. Ұрысамыз, артынша татуласамыз. Десе де, екі ұлттың тағдырына жауапты болғандықтан, ештеңе назардан тыс қалмайды. Келіссөз қиын болайын деп тұр. Күн тәртібінде Израиль әскері тұрғанын қазірден айта аламын. Тату-тәтті ортақ шешім шығарамыз деген ниеттемін.
Франциядағы орман өртінен 42 мың гектар жерді шарпыды. Президент Эммануэль Макрон төтенше жағдай режимін жариялады. Елдің Оңтүстігіндегі тілсіз жауды ауыздықтауға 3 мыңға жуық өрт сөндіруші, 1,5 мың әскери және тағы 1,5 мың Ұлттық Ұлан сарбазы жұмылдырылды. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Бірақ, 88 өрт сөндіруші жарақат алды.
КРИСТОФ ПЕРЕС, ЖИРОНДИН ПРОВИНЦИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Біздің жүз жылдық ағаштарымыз күлге айналды. Орман біздің мақтанышымыз еді. Барлығынан айырылдық. Енді тілсіз жауды тұрғын үйлерге жолатпасақ, біз үшін үлкен жеңіс болады.
Пәкістандағы су тасқынынан 100 астам адам қаза тапты. Маусымдық жауын-шашын көлемі нормадан асып, су бөгеттері тосқауыл бола алмады. Синоптиктердің болжамынша, келесі аптада жауын күшейе түспек.