«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай мен штаб мүшелері Атырау жұртшылығына сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Өндірісті өңірге табан тіреген әділеттіктер алдымен аймақтағы ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымымен кездесті. Онан кейін аймақтың креативті жаңашыл жастарымен жолықты. Өзекті мәселелер талқыланған еркін алаңда белсенді жастар волонтерларға басымдық беруді, инклюзивті білім берудегі олқылықтарды, лудоманиямен күресті қатаңдату, креативті индустрияны дамыту бойынша ұсыныстарын ортаға тастады.
НҰРБЕК МАТЖАНИ, «»ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ САЯСИ КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:
«Әділет» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасын 5 жылға жоспарлап отыр. Сол сайлауалды бағдарламасы аясында бізде негізгі 7 мақсатымыз бар. Соның ішінде 5 миллион Қазақстан азаматын жаңа технологияларға, жасанды интеллектке және цифрландыру мәселелеріне арналған курстардан өткізу, яғни оқыту бағдарламамыз бар.
Штаб мүшелері сондай-ақ, ТEDх форматында облыс тұрғындарымен кездесті. Ал кешкісін қала тұрғындары мен қонақтарына «Әділет» партиясының қолдауымен эстрада жұлдыздары қатысатын Open Air мерекелік кеші пен 500-ден астам дрон қатысатын ауқымды шоу ұйымдастырылды.