Интернет-алаяқтарға қызмет көрсеткен дропперлер желісінің жолы кесілді
Қаржылық мониторинг агенттігі Ақтөбе облысында интернет және телефон алаяқтарына қызмет көрсеткен қылмыстық топтың жолын кесті. Тергеу мәліметінше, олар азаматтардан ұрланған қаражатты дропперлердің есепшоттары арқылы өткізіп, криптовалютаға айналдырумен айналысқан.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, Ақтөбе қаласының аумағында телефон және интернет-алаяқтық салдарынан азаматтардан жымқырылған ақшалай қаражатты қабылдау, конвертациялау және заңдастырудың тұрақты схемасын құрған қылмыстық топ әрекет еткен.
Белгілі болғандай, топ құрамында оннан астам адам болған. Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін ұйымдастырушылар 150-ден астам дропперді тартқан.
Қылмыстық топ мүшелері банк қосымшалары мен криптоәмияндар алдын ала орнатылған ұялы телефондарды пайдаланған. Бұл оларға дропперлердің шоттарын қашықтан басқаруға және қаржылық операцияларды олардың қатысуынсыз жүргізуге мүмкіндік берген.
«Блокчейн-талдау құралдарының көмегімен жымқырылған қаражатты заңдастырудың толық схемасы қалпына келтірілді. Алдымен жәбірленушілердің ақшалай қаражаты транзиттік банктік шоттар арқылы өткізіліп, кейін бақылаудағы дропперлердің шоттарына аударылған. Одан кейін қаражат криптовалюта платформасына жіберіліп, онда USDT цифрлық активтерін сатып алуға пайдаланылған. Операцияларға заңды сипат беру мақсатында жалған қарыз шарттары мен жалған компаниялар қолданылған. Қылмыстық схеманың соңғы кезеңінде заңсыз кірістер қолма-қол ақшаға айналдырылып, шетел валютасына айырбасталған», – делінген ҚМА хабарламасында.
Қазіргі уақытта еліміздің 16 өңірінен 80 жәбірленуші анықталды. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты. Қылмыстық топтың 8 мүшесі қамауға алынды. Тағы екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне, оның ішінде 8 пәтерге, бір автокөлікке және 52 мың USDT көлеміндегі цифрлық активтерге тыйым салынды. Тергеп-тексеру жүріп жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.