Оңтүстік және Солтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Қарағанды мен Қостанай облыстарында тасқын судың қаупі басым. Бұл туралы Ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин мәлімдеді. Мәжілісте төтенше жағдайлардың алдын алу мәселесі бойынша жиын өткен. Вице-министр осы жиында Астана әуежайын су басу қаупі бар екенін де айтты.
Юрий Ильин, ҚР Ішкі істер вице-министрі:
Майбалық көлінен артық суды бұру үшін қажетті шаралар қабылдау талап етіледі. Жергілікті әкімдіктердің тасқынға қарсы алдын ала сақтық шараларын жасаудағы әрекеттері баяу. Мәселен, жеке секторларда қар тазалау жұмыстары уақытылы жүргізілмейді. Көп жерлерде арықтар тазаланбаған.
Вице-министрдің
сөзінше, өткен жылы көктем айларында еліміз бойынша 112 қызметіне 6 млн-дай
хабарлама түскен. Тасқынның алдын алу шараларына 12,5 млрд теңге қаржы
бөлінген. Сонымен қатар, 2017 жылы 15 мыңнан астам өрт оқиғасы тіркелді.
Салдарынан 352 адам қаза тапқан. Министрлік өкілі өрт сөндіру техникаларын
жаңарту мақсатында жыл сайын 6 млрд теңгеге жуық қаражат бөліп отыру қажеттігін
айтып қалды.
Сонымен бірге, Юрий Ильин сейсмологиялық стансалардың жеткіліксіздігін айтты. Республика бойынша
қазір 69 станса бар. Олар бүкіл сейсмологиялық аймақтарды қамтамасыз ете
алмайтын көрінеді.