$511.22 €540.05 ₽4.73
×

Қарағандыда тісін емдетуге келіп, көз жұмған баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

AstanaTV
26.02.2018ж. 20:00
3418
Қарағандыда тісін емдетуге келіп, көз жұмған баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қарағандыда дәрігерлерге қатысты шу шықты. Сәбиінің тісін емдеймін деп стоматологиялық клиникаға алып келген ата-ана одан айрылып қалған. Баланың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қайғылы оқиғаның себеп- салдарын тәуелсіз сарапшылар анықтайтын болады. Ал, бүлдіршіннің ата-анасы болған жайтқа ақ халаттыларды кінәлап отыр. Мәселенің мән-жайын тілшіміз Айжан Қуаш білуге тырысты.

Айжан Қуаш, тілші:

«Жасы екіге де толмаған сәбиді дәрігерге анасы әкелген. Ауырған тісін емдетпек болады. Бүлдіршіннің тамырына ауыруды сездірмейтін сұйықтық жіберілген соң-ақ жағдайы нашарлаған. Бірден облыстық медицина орталығына жеткізілгенмен, баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады.

Ата-анасы - Қарағандыда келісімшартпен жұмыс істейтін әскерилер отбасы. Бүлдіршінді кеше туған жері Омбыда жерлеген. Анасы бейіт басында тұрып, болған жайды былай баяндады:

Наталья Арзамасцева, Семен Арзамасцевтің анасы:

Семен кішкентай болғандықтан, наркозбен емдейміз,  деді. Дәрігер көзіме тура қарап тұрып, ешқандай салдары болмайтынын айтты. Мен: «Баламда аллергия бар», - деп ескерттім. Бірақ сынама алмады. Ақыры балам анафилактикалық шоктан көз жұмды.

Осы оқиғадан соң облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті мен Ішкі істер басқармасы бірлесіп тексеру бастаған. «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерлерінің кәсіптік міндетін тиісінше орындамауы» бабымен қылмыстық іс қозғалды.

Сұлтанат Жақсыбаева, Қарағанды облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті бөлімінің бас маманы:

«Баланың ата - анасының айтуы бойынша, аллергия болғаны белгілі болды. Бірақ проба алынбаған. Негізі алынуы керек еді. Тексеріс заңнамалармен бекітілген мерзімде жүргізілетін болады» .

Департамент өкілдері, бұл жағдай «дәрігердің қателігінен» орын алды деп айтуға ерте деп отыр. Дәрі мен медициналық қызметтің сапасы тексеріс барысында анықталмақ. Ал, тіс емханасы басшыларына жолығу мүмкін болмады.

Нет руководства. Никто туда не ходит. Там медсестра.

Департамент өкілдерінің дерегінше, аталған стоматологиялық емханада анестезиологиялық-реаниматологиялық емдеу түрі бүгіннен бастап тоқтатылған. Ал, баланың тісін емдеген дәрігер жұмыстан уақытша шеттетілген.

Айжан Қуаш, тілші:

Сондай-ақ Қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті басшысының орынбасары Ольга Смирнова дәл осы дәрігердің екі жыл бұрын басқа емханада тағы бір баланың өліміне қатысы болғанын растады. Алайда, тергеу ісі аяқталмағандықтан, оны емдеу құқығынан айыра алмаған. Заңға сәйкес, дәрігердің үстінен бір жылда 3 рет шағым түспесе, арнайы сертификатын ешкім ала алмайды екен. Қысқасы, бұл істің нүктесін тек құқық қорғау орындары ғана қоя алады.