$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Мәулен Әшімбаев Алматыға жұмыс сапарымен барды

AstanaTV
27.02.2018ж. 20:00
3211
Мәулен Әшімбаев Алматыға жұмыс сапарымен барды

«Нұр Отан» партиясы енді шынайы және нақты нәтижелер үшін ғана жұмыс істеуі керек. Көрсеткіш қуалап, мағынасыз шараларға уақыт жұмсағаннан гөрі, саннан сапаға назар аударатын уақыт келді. Бүгін Алматыға жұмыс сапарымен барған саяси ұйым төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өз партияластарына осындай міндеттер жүктеді. Оның айтуынша, Елбасының партия қызметін жаңғыртуға байланысты ұсыныстары жүзеге асырыла бастамақ. Ол үшін кадрлық аудит, сарапшыларды күшейту сияқты негізгі жоспарлар бар.

Науқас балаларға арналған мына орталық былтыр партияның «Кедергісіз келешек» жобасы аясында ашылған болатын. 30 балаға әлеуметтік тегін қызмет көрсетіледі. Түрлі дертке шалдыққан балалар күні бойы орталық мамандарының қарауында болады. Бүгін  мекемеге "Нұр Отан" партиясы логопедтік жаттығу құрылғысын сыйға берді. Мәулен Әшімбаев алдымен осы орталықтың жұмысымен танысты.

Райхан Әшімова, науқас баланың анасы:

Бұл жерде баланың ортасымен араласуы, өзіне өзі қызмет көрсетуі маңызды. Логопед, дефектолог, психолог сияқты мамандар жұмыс істейді. Екі жыл бойы баламен үйде отырдым, оның алдында ақылы жерге баратынбыз.

Президент шағын және орта кәсіпкерліктің ішкі жалпы өнімдегі үлесін 50 пайызға арттыруды жүктеген еді. Осыған орай «Нұр Отан» партиясы кәсіпкерлікті қолдауға қатысты тың жобаны қолға алмақ. Партия төрағасының бірінші орынбасары бұл жайында бизнес өкілдерімен кездесу барысында айтты. Ол жоба кәсіпкерлікті несиелендіруге қатысты кедергілерді жоюға арналатын болады деді.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Елбасының тапсырмасымен бүгін партияда үлкен жаңғыру процесі жүріп жатыр. Оның жолдарын "Нұр Отан" партиясында экономистерді, сарапшыларды шақырып талқылаймыз. Біздің бизнестегі ең үлкен мәселе - несиенің қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл салада үлкен мәселелердің барын білеміз. Осы сұрақтарды шешуге «Нұр Отан» партиясы да жұмыс істейтін болады.

Қайрат Құдайберген, кәсіпкер:

Ең басты проблема - бұл несиенің пайызының кемімеуі, сол аз болса, жақсы болар еді. Қазір банкке барсаң, 21 проценттен артық үстеме төлеу керексің. Мұндай жағдайда бизнестің қалай өмір сүретіні беймәлім.

Мәулен Әшімбаев шаһардағы партия активімен кездесуде «Нұр Отан» - қайта жүктеу» қағидасының талаптарын түсіндірді. Бұл қайта жаңғыру дегенді білдіреді деді. Партия енді нақты нәтижелер үшін ғана жұмыс істеуі керек. Көрсеткіш қуалап, мағынасыз іс-шараларға уақыт жұмсағанды шектеген дұрыс екенін ескертті.

Ал тәулік бойы қызмет көрсететін смарт-орталық қаланың белсенді жастарын қолдап отырады. Мұнда стартап жобалардың таныстырылымы өтіп тұрады. Мәулен Әшімбаев кездесуде жас өнертапқыштар мен инноваторларды «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырып жүрген дәстүрлі инновациялық байқауға қатысуға шақырды.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ