Екі мүгедек баласын аяққа тұрғызу үшін көшеде көмек сұрауға әзір болған ананың жайы Қызылорда облысының әкіміне де жетті. Бұған дейінгі хабарымызда жалғызбасты ана қос науқас баласымен далада қалғанын айтқан едік. Бүлдіршіндердің сүйек кемігі шетелде ауыстырылуы керек болған. Балалардың қымбат тұратын медициналық тексерісіне материалдық көмек көрсетіліпті. Ал әкімдік өкілдері баспана мәселесін ипотекалық несие арқылы шешуді ұсынып отыр.
Эльмира аймақ басшысының жеке қабылдауынан соң үміт оты оянғанын айтады. Әр баладан құны 300 мың теңге тұратын анализдер алынған. Астанаға барып, сараптаманы мәскеулік медициналық-генетикалық орталық филиалында тапсырған.
Эльмира Ақмырзаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:
Қырымбек Елеуұлы барынша жақсы қабылдады бізді. Рахмет көп-көп, көмектесті. 600 мың берді. Балаларға анализге 540 мың теңге кетеді. Облздравтың есебімен, тексеруден өтіп, өздерінің қойған сомасы.
Отбасы тұрғын үй кезегіне 2015 жылда тұрған. Қазір 7 329 болып тұр. Аймақта жылына орташа есеппен 200-300 пәтерден пайдалануға беріледі. Демек, 20 жылдай күтуге тұра келеді. Уақытша тұратын пана ретінде қала билігі Ақмырзаевтар отбасына екі баспана ұсынған. Бірақ апатты үйде балалармен тұруға жүрексінеді. Шенділер «Нұрлы жер» бағдарламасымен пәтер алуды ұсыныпты.
Эльмира Ақмырзаева, Қызылорда қаласының тұрғыны:
18 жыл төлейсің дейді. Айына 51 мыңнан, 12 миллиондай болады екен. Первоначальный взнос 500 мың тенге дейді. Таксимен арқалап жүремін, маршрутқа міне алалмаймын бұл балдармен. Көбіне жол-пұлға, дәріге кетеді. Тамаққа жетпей де қалады. Мен қорқамын.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асырушы «Бәйтерек Девелопмент» компаниясы қиындыққа тап болған жалғызбасты анаға жеңілдік қарастырыпты. Мұны әкімдік өкілдері айтты.
Берік Сәрменбаев, Қызылорда қалалық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
Бұл жерде 30 процент емес, 500 мың теңге, 400 мың теңге первоначальный взнос салып алатын мүмкіншілік жасадық. Қазіргі уақытта ол кісінің құжаттары «Бәйтерек Девелопмент» акционерлік қоғамына жіберілді, ол кісілер бізге жалдау келісімшартын жіберу керек.
Бүгінде
екі тарап келісімге келген. Сәтін салса, 1-2 ай ішінде 2 бөлмелі пәтерде қоныс
тойын тойламақ. Ендігі мақсат - бастапқы жарна - 500 мың теңгені табу. Ол үшін
мүгедек балалардың анасы еден жуып, үй шаруасына да көмектесуге дайын.
Шарипа САҚТАПОВА