Израиль қайтадан Газа секторына соққы жасап жатыр. Бірнеше күн ішінде жүздеген бала қаза тапты. Нетаньяху кабинеті Трампқа соғысты тоқтату туралы уәде бергеніне қарамастан, әскерді шығарудан бас тартты. АҚШ Президенті Иранға да ашуланып отыр. Бір күн ішінде келісімге қол қоймаса «Бастарын аламын», - деп әлеуметтік желідегі парақшасына жазды. Шартарптағы соңғы жаңалықтарды Еркелді Тілеуқұл шолып шықты.
Израиль еш себепсіз қайтадан Газа секторына соққы жасап жатқанына бірнеше күн болды. Бұл науқанды апта басынан бері тоқтатар емес. Қазірдің өзінде жүздеген бейбіт тұрғын опат болды. Арасында, балалар да бар. Осыған дейін Трамп Газа секторында бейбітшілікті орнатып, Израиль әскерін қайтарамын деген. Бірақ, батыс басылымдарының бейресми ақпаратына сүйенсек, Израиль әскерін алып кетуден бас тартқан.
ТАЙСИР ӘЛ-ХАССИЯ, ГАЗА СЕКТОРЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Бір күн ішінде 300 адам қаза болды. Осында тұрғандардың көпшілігі қаршадай балаларынан айырылды. Арасында, туысқандарым да бар. Бомбалардан көз ашпай, әрең дегенде жиендерімді жер қойнына тапсырдық.
Трамп Иранға тағы ашуланды. Бір күн ішінде келісімге қол қоймасаңдар, бастарыңды аламын, - дейді. Бұлай деуіне себеп, Иран ресми өкілдері АҚШ-пен ешқандай келіссөз жүргізген жоқпыз, тек Оман билігімен ғана диалог жүргізіп жатырмыз деген.
ДОНАЛЬД ТРАМП, АҚШ ПРЕЗИДЕНТІ:
Мен 80 жыл ғұмырымда бұндай екіжүзді суайттарды бірінші рет көріп тұрмын. Келіссөздеріміз құпия түрде өтетінін пайдаланып отыр. Тек Оманмен ғана сөйлестік, - депғ мәлімдеме жасайды. Бұл жексұрындар әркез менің алдымда тізерлегендей болып, соққы жасамашы, келісейік, - деп өтінетіндерін бүкіл әлемге көрсете алмайтыным қандай өкінішті.
Марокколықтар қайтадан Испаниямен шекараны торуылдап жүр. Бірақ, бұл жолы шекараны басып өтіп, иммигрант болу үшін емес, кішкентай балаларын іздеп жатыр. Себебі, өткен апта аяғында Марокко аумағындағы Испания жері – Сеутаға 60 мың адам басып кірген. Арасында, мыңдаған кішкентай бала болған. Испания билігі болса, оларға күш қолданбақ тұрмақ, алып қалды. Испания жерінен тек ересектерді депортациялаған.
ИБТИССАМ ЧАРИ, ЖЕРГІЛІКТІ ТҰРҒЫН:
Баламмен сөйлесе алмай отырғанымызға 6 күн болды. Қайтқан адамдардың барлығынан суретін көрсетіп сұрап жатырмын. Ешкім көрген-білген жоқ. Оны әдейі жібермедік. Мен жұмыста болғанда өзгелермен ілесіп кеткен.
Ресей кезекті рет Украинаға әуе шабуылын жасады. Нәтижесінде, онға тарта бейбіт тұрғын қаза тапты. Анықталғандай, олар жергілікті Жоғары Оқу Орындарының студенттері. Соққы жасалған кезде сабақ арасындағы үзілісте көшеге шыққан.