Бұл жағдай 2025 жылдың мамыр айында елордадағы автотұрақтардың бірінде болған. Жеңіл көлікте отырған жауапкер темекі тұтатып, сөндірілмеген сіріңкені ашық терезеден сыртқа лақтырған. Сол сәтте жанында тұрған Audi A6 автокөлігі отқа оранған.
Іс көлік иесінің тұрғылықты жері мен тіркелген мекенжайына байланысты Тараз қалалық сотында қаралды.
Тәуелсіз сараптамаға сәйкес, келтірілген материалдық шығын 2,9 млн теңгеден асқан. Өрт шығу сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Сарапшылардың қорытындысы бойынша, өрт талапкердің газ-баллон жабдығымен (ГБО) жабдықталған көлігінен тараған газ-ауа қоспасының тұтануынан болған. Ал тұтану көзі ретінде жауапкер лақтырған сөндірілмеген сіріңке деп танылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗТүркістанда дрифт жасаған жүргізуші жауапқа тартылды
Жауапкерге қатысты қылмыстық іс қасақана әрекет болмағандықтан тоқтатылған, ал әкімшілік іс жүргізу талап қою мерзімінің өтуіне байланысты қысқартылған. Алайда бұл оны азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатпаған.
Сонымен қатар сот өртенген көліктің иесі де өрескел абайсыздыққа жол бергенін анықтады. Газ-баллон жүйесі орнатылған көлікті ұзақ уақытқа қалдырмас бұрын өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмағандықтан, газдың сыртқа шығуына жол берілген.
Осылайша, сот өрттің шығуына екі себеп қатар әсер еткен деген қорытындыға келді: жауапкердің абайсыз әрекеті және талапкердің көлікті пайдалану қағидаларын бұзуы.
Тараптардың кінә дәрежесін ескере отырып, сот талап-арызды ішінара қанағаттандырды. Нәтижесінде жауапкерден талапкердің пайдасына 1,6 млн теңгеден астам материалдық шығын мен сот шығындары өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.