Қыркүйекте басталатын «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонына қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, тест пен зияткерлік сайыстардан өтеді
Астана тұрғындары «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонында ақшалай сыйлықтар үшін бақ сынай алады. Жоба қыркүйек айында басталып, алты айға жалғасады.
Елорда әкімдігініңхабарлауынша, қатысушылар 15 кітап оқып, тест тапсырмалары мен зияткерлік квиздерден өтуі тиіс.
Әртүрлі санат бойынша жеңімпаздарға бірінші орын үшін 600 мың теңге, екінші орын үшін 450 мың теңге, үшінші орын үшін 300 мың теңге беріледі.
Марафонға 6–10-сынып оқушылары, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері, педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, ата-аналар, сондай-ақ мамандығына қарамастан барлық ниет білдірушілер қатыса алады.
Жобаға тіркелу қыркүйек айында reading-nation.kz ресми сайтында басталады.
Айта кетейік, бұған дейін Астана әкімдігі «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорымен меморандумға қол қойған болатын. Жоба Президенттің елде кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылады.
Қыркүйек айынан бастап елордада әдеби кездесулер, көпшілік оқулары, кітап жобалары мен ағартушылық акциялар өтеді.