$466.08 €538.56 ₽5.65
×

Атырауда Абай күніне орай “Абай мұрасы - ұлт қазынасы” тақырыбында мәдени-көпшілік шарасы өтті

Атырауда Абай күніне орай “Абай  мұрасы - ұлт қазынасы” тақырыбында мәдени-көпшілік шарасы өтті

Атыраулықтар да ұлы ақын Абай күнін ерекше атап өтті. “Абай  мұрасы - ұлт қазынасы” тақырыбындағы  терең тағылымға толы  шарада ұлы ойшылдың рухани мұрасы дәріптелді. 

Абай ескерткіші жанындағы  әдеби-сазды шара  Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театры актерларының қатысуымен дайындалған поэтикалық прологпен басталды.  Тағылымды бағдарламада  ақын өлеңдері мен қарасөздерін көрермен ықыласпен тыңдады.

ШАХМАН НАҒЫМОВ, Х.ДОСМҰХАМЕДОВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ МЕМЛЕКЕТТІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОФЕССОРЫ:

Әркім осындай Абайдың өзіне жүрегіне жақын өлеңін өмір бойы пайдалану керек. Абай қалай Абай болды дегенде, мен айтар едім, ең негізгі ол кісінің қайнар көзі білімінің - ол қазақтың ауыз әдебиеті. Сосын анасының, әжесінің  бесік жырлары - міне, содан басталады ол. Содан кейін барып Абай жаңағы шығыс поэзиясына ден қойды: Фирдоуси, Физули, Шамси, Сайхали, Омар Хайям, Навои, тағы сол сияқтылар. Содан кейін барып орыс мәдениетіне.

Әр қазақтың өз Абайы бар,  Абайды оқу -  өзіңді тану, хакім мұрасын дәріптеу - ұлт мұрасына құрмет . Жиында ұлы ойшылдың “Толық адам”ілімінің маңыздылығы айтылды.  Көпшілік ұлы ақын рухына тағзым етіп,  ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

САҒЫНТАЙ КӨПЖАСАРОВ, МАХАМБЕТ АТЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Кітапханаларда, музейлерде, көркемсурет музейінде, тарихи өлкетану мұражайында айталық үлкен шаралар өтіп жатыр. Соның ішіндегі ең маңыздысы — бүгін Абай ескерткішінің алдында Абай рухына тағзым етіп, гүл шоғын қойып, көпшіліктің алдында Абай өнерін, ол кісінің ұлы сөздерін, ол кісінің ұлағатты қара сөздерін өскелең ұрпаққа дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып жатыр.

Әдеби-сазды кеш облыстық филармония өнерпаздарының концертімен жалғасты. Ақынның халықтың музыкалық қазынасынан нәр алған ән мен күйлері аспанға қалықтап жатты.