$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Қызылжарда шаруашылықтар электр сымдарымен қоршалған аумақты жайылымға айналдырған

AstanaTV
01.03.2018ж. 20:00
3388
Қызылжарда шаруашылықтар электр сымдарымен қоршалған аумақты жайылымға айналдырған

Қызылжарда ірі шаруашылықтар ондаған гектар аумақты электр сымдарымен қоршап, қысқы жайылымға айналдырған. Тың технологияның арқасында ірі қара қысты күні қорада қамалмай, далада жайыла алады. Бұл мал төлдетуді де жеңілдетеді,- дейді қожалық иелері. Бүгінде осындай жаңашылдықты 10-ға тарта шаруашылық енгізіп отыр. Заманауи ферманың тіршілігімен Абзал Құрманкин танысып қайтты.

6 жылдан бері мал шаруашылығымен айналысатын мына серіктестік, асыл тұқымды мал басын көбейтуді жолға қойған. Кəсіпорында 1700-ден астам ірі қара бар. Оның тең жартысы қорада, қалған бөлігі сыммен қоршалған алқапта жайылып жүр.

Олег Адам, ЖШС директоры:

Бұл жерге жазда егін егіп, қыста қайтадан мал жаямыз. Мұның тағы бір тиімділігі - мал гигиеналық тұрғыдан таза болады. Ал жұмысшылар қораны тазартып әлектенбейді.

Абзал Құрманкин, тілші:

Қысқы жайылымның аумағы 220 гектар. Оның жан-жағынан осындай сымдар тартылған. Желінің күші 9 вольт қана. Тоққа түскен мал өлмейді, əрине. Бірақ келесі жолы маңайына жоламайтын болады.

Сиырларды суару үшін қоршаудың ішіне жерасты құбыры тартылған. Ал астаудағы су электр қуаты арқылы жылытылып тұрады.

Жоба құны шамамен 7 миллион теңге. Бағасы қолжетімді технология Қызылжар өңірінде сұранысқа ие болып отыр. Облыс бойынша электр қоршауды орнатқан қожалықтар 10-ға жуықтайды. Әзірге барлығы дерлік бұл жобаны өздері қаржыландырып отыр.

Жаслан Уәлбеков, СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

Мұндай технология 4 ауданда бар. Облыс бойынша сым қоршауда 4 мыңнан астам мал жайылып жүр. Олардың санын арттыру жоспарда бар. Әзірге бұған мемлекет тарапынан субсидия қарастырылып отырған жоқ.

Серістестік ендігі жылы мал санын екі мыңнан асыруды жоспарлап отыр. 220 гектарлық жайылым оларға аздық етеді. Сондықтан алдағы уақытта қысқы жайылым аумағын кеңейтуді де ойластыруда.

А.ҚҰРМАНКИН