Оқиға 10 тамызда болған
Астанада 9 жасар баланың үстіне футбол қақпасы құлап кеткен. Қазақстан футбол федерациясы бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
Журналист Аслан Қаженовтің сөзінше, оқиға Астадағы Футбол үйінде, яғни, Қазақстан футбол федерациясы орналасқан ғимаратта болған. Баланың басына қақпа құлап, реанимацияға түсті деген ақпарат келген.
Мендегі бар мәлімет, оқиға кеше шамамен 19:30 шамасында болған және 2017 жылғы өрен зардап шеккен. Зардап шеккенде, қазір бәрі ең болмаса тірі қалуын тілеп отыр. Өкінішке орай, енді нақты ақпарат ала алмай далмын, - дейді журналист.
Бұл жағдайға қатысты ҚФФ ресми пікір білдірді. Федерация мәліметінше, зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізіліп, қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
ҚФФ балаға және оның отбасына қолдау білдіреді. Оқиға болған футбол алаңын Қазақстан футбол федерациясы жеке футбол мектебіне жаттығу жиындарын өткізу үшін жалға берген, - дейді федерация өкілдері.
Қазіргі уақытта ҚФФ оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, нысан мен құрал-жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіп жатыр.
Сондай-ақ Федерация құзырлы органдарға оқиға себептерін анықтау үшін барлық қажетті ақпаратты ұсынуға және жан-жақты көмек көрсетуге дайын, - делінген хабарламада.