$465.74 €537.23 ₽5.62
×

Оралда өрт шыққан полигон иесіне айыппұл салынды

11.08.2026ж. 19:00
Оралда өрт шыққан полигон иесіне айыппұл салынды

Оралдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан ірі өрттен кейін осы кәсіпорынның иесі жауапкершілікке тартылды. Бірнеше күнге созылған өрттің салдарынан қаланы көк түтін басып, тілсіз жауды сөндіруге тікұшақ тартылды. Тіпті төтенше жағдай режимі жарияланып,  санитариялық дәрігерлер полигонға жақын тұратын азаматтарға далаға шықпауды ескертті. Жағдайдың мәз еместігін экологтар да растап отыр. Олар полигон маңындағы ауа сапасын тексеріп, талдау жүргізген. Осылайша ауадағы зиянды заттардың мөлшері қалыпты деңгейден бірнеше есеге артқанын анықтапты.

АЛМАТАЙ ЖҰМАҒАЗИЕВ, БҚО ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Күкірт 9 есеге, көміртегі оксиді 1,2, азот оксиді 1,2, күкірт оксиді 1,3 артық. Осыған орай, департамент мамандары жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесі бойынша «ICM Recycling» ЖШС Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 344-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.