$465.74 €537.23 ₽5.62
×

Елімізде жаңа Egov 3.0 порталы іске қосылды

Елімізде жаңа Egov 3.0 порталы іске қосылды

Елімізде электронды үкіметтің жаңа нұсқасы іске қосылды. Бұл мемлекеттік қызметтерді алу процесін екі есе жеңілдетпек.  Жаңа форматта 20 мыңнан астам қызмет көрсетіледі. Ең бастысы – ескі нұсқасы секілді жүктеме артқан уақытта тоқырап қалмайды. Пайдаланушылар үшін барынша ыңғайлы Qaz Tech жүйесінде әзірленген.

Жаңа электронды Үкіметтің бір ерекшелігі – Egov GPT интеллектуалды ассистентінің қызметі. Цифрлық көмекшімен чатқа  Egov mobile қосымшасы арқылы кіруге болады. Сервис азаматтардың жазбаша немесе ауызша хабарламалары негізінде керекті құжатты рәсімдеуіне көмектеседі. Яғни, не керегін сиптаттасаңыз жеткілікті.  

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Бұл – мемлекеттік қызметті алудың тағы бір қарапайым әрі ыңғайлы тәсілі. Бұрын азамат қай мемлекеттік органға жүгіну керектігін, қандай өтініш толтыру қажет екенін және қандай құжаттарды жинау керектігін өзі анықтайтын. Енді өзінің өмірлік жағдайын қысқаша сипаттаса жеткілікті. Мысалы: «маған тұрғылықты жер бойынша тіркелу керек» немесе «биыл балам бірінші сыныпқа барады».

Әзірге eGov GPT-де ең сұранысқа ие 50 қызмет қолжетімді.  Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтің 150 түрі, яғни, 70%-і енгізіледі деген жоспар бар. Азаматтар қысқа уақытта ассистенттің көмегіне 150 мың рет жүгінген. Үкіметтің виртуальды көмекшісі жақында ұлттық Aitu мессенджерінде де қолжетімді болады. Үкімет басшысы 6 айдың ішінде бизнестегі қағазбастылықты қысқартуды тапсырды.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: 

Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қызметтердің 60%-ы әлі күнге дейін қағаз түрінде көрсетіліп келеді. Бұл жағдайды өзгерту қажет. Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін көрсетілетін қызметтерді түбегейлі қайта қарап, оларды дереу цифрландыруды және eGov Business платформасына шығаруды тапсырамын.

Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Электрондық үкіметті дамыту индексінде 24-орында. Үкімет бұл көрсеткішті арттыру үшін жүйелі жоспар дайындап отыр.  Үлес қосам деген азаматтар Egov-тың жаңа форматына қатысты ұсыныс-пікірлерін жолдай алады. Порталда кері-байланыс бөлімі бар.