$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Астаналықтар 6 жылдан бері пәтерлерін заңдастыра алмай келеді

AstanaTV
19.02.2016ж. 20:00
2048
Астаналықтар 6 жылдан бері пәтерлерін заңдастыра алмай келеді

Үй бар, бірақ құжат жоқ! Астанадағы «Светлый» тұрғын үй кешенінінің 400-ден аса тұрғыны меншіктерін заңдастыра алмай жүр. Ал шенеуніктер болса, жер иесі мен құрылысшы арасындағы дау бітпей, тұрғындар пәтерлерін меншіктеріне өткізе алмайды, деп отыр. Құралай Пионер тарқатады.

Бұл - Астананың сол жағалауында орын тепкен «Светлый» деп аталатын тұрғын үй кешені. Бірақ онда атына заты сай жарқын тұрмыс орнамай тұр. Себебі 2006 жылы үлескерлер есебінен салынып, 2010 жылы құрылысы аяқталған нысанның әлі күнге дейін құжаттары рәсімделмей келеді.

Әсел Досболова, Астана қаласының тұрғыны:

6 жыл бұрын осы үйге көшіп кіргенбіз. Сол 6 жылдан бері үйдің құжаты жоқ. Себебі соңғы екі подъезді құрылыс фирмасы әлі өткізген жоқ. Соның кесірінен, міне, мынадай жағдай туындап тұр.

Құжаттың жоқтығынан жұрт пәтерлеріне тіркеуге де тұра алмай отыр. Оның үстіне, үлескер ретіндегі келісімшарт та құрылыс фирмасының түрлі атауы жазылыпты. Бірінде «СК Стройкласс» деген компания көрсетілсе, енді біріде «Сиданка» делінген.

- 6 лет дом не сдан. - Это же не «Стройкласс», это «Сиданка». - Не дай бог пожар будет. Не продать, сата алмаймыз, прописка, справка ала алмаймыз!

Бір қызығы, заңды иесі жоқ болса да, 419 пәтерге ай сайынғы коммуналдық ақы да үзілмей келеді екен. Соған қарап, жұрт «Светлый» қала балансында болар деп сенген. Бірақ таяуда үй астындағы кәріз құдығы жарылып, жертөлені лас су басқан. Бәрінен де төмендегі балалар орталығының кеңсесі қатты бүлініпті.

Ольга Голубева, «Айналайын» балалар орталығы директорының орынбасары:

«Астана су арнасына» хабарласып едік, олар үй олардың балансына өтпегендіктен, келмейтіндерін айтты. Сондықтан жауапкершіліктің барлығы КСК-ға түседі деді. Ал оларды жексенбі күні тапқанға дейін су жайылып кетті. Есептеп едік, шығын 3 млн теңге болды.

Ал пәтер иелері кооперативі төрайымының жағдайға қатысты айтар өз уәжі бар. Құдықтың бітелуі тұрғындардың салақтығынан екен.

Гүлнар Османова, «Сәтті» пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

Бұл үй эксплуатацияға берілген. Құжаттары бар. Тек 1-2-ші подъезд тұрғындарының құжаттары әкімшілікте жатыр. Ал құдықтың толып кетуіне 17 қабаттағы тұрғындардың өздері құбырды бітеуінен болған.

Мәселеге қатысты құрылыс фирмасынан жауап алу мүмкін болмады. Есесіне, шенеуніктер мән-жайдан құлағдар екен. Сөздеріне қарағанда, қиындық жер теліміне қатысты туындап отыр.

Мұрат Доланбеков, Астана қалалық «Сәулет және қала құрылысын бақылау басқармасы»  ММ басшысының орынбасары:

Ол жердегі қиындықтың тұрғаны - ЖШС «Сиданка» нысанды тұрғызғанда бөтен жерге тұрғызған. Ол жер басқа бір субъектіге тиесілі. «Сиданка» мен «Стройкластың» басшылары - бір кісі. 

Сондықтан жерге иелік ету мәселесі біржақты шешілген соң ғана құжат жағы рәсімделуі тиіс. Ал оның қашаға дейін созыларын шенділер де білмейді.

Құралай ПИОНЕР