Алматыда заңсыз құрылысқа
байланысты тағы да дау-дамай шықты. Орталықта орналасқан бес қабатты үйдің
тұрғындары көршілес салынған ғимараттың бұзылуын талап етіп отыр. Пәтер
иелерінің сөзіне қарағанда, кәсіпкер тұрғындардан рұқсат алмаған. Құрылыс иесі
болса, тиісті құжыттарым бар деп отыр. Тараптарды тыңдап қайтқан тілшіміз
тақырыпты толықтырады.
Бұдан бір жыл бұрын дәл осы
жерде ағаштар жайқалып, кішігірім бақша болатын,- дейді байырғы тұрғын Михаил
Макаров. Ал қазір оның орнына екі қабатты ғимарат салынған. Жаңа нысанның
айналасы бейнекамерамен жабдықталуы оның ашуын тудырып отыр.
Михаил Макаров:
Мына бейнекамераны дәл менің
тереземнің алдына қойған. Үйде емін-еркін жүруден қалдық. Бұл менің жеке адами
құқығыма нұқсан келтіреді. Сондықтан бұл камералардың ораналасуы да заңсыз деп
есептеймін.
Дегенмен, тұрғындардың басым
бөлігі жаңа нысан көңіл көтеретін орынға айнала ма деп алаңдайды. Ғимарат иесі
болса, азық-түлік дүкені ашылатынын айтып отыр. Кәсіпкер құрылысының заңды
екенін, тіпті тұрғындардан рұқсат алғанын айтты.
Бақтияр Әлімсейітов, кәсіпкер:
Менде барлығы заңды.
Құжаттардың барлығы қолымда. Бұл жерде азық-түлік дүкені болады. Мен
тұрғындардан келісім алғанмын. Енді бұл мәселе сотта шешілетін болады.
Наразы тұрғындар, құрылыс
заңсыз салынды, оны сүру керек деп отыр. Сондықтан қорғаушының көмегіне
жүгініпті. Оның айтуынша, құжаттар қолдан жасалған. Өйткені кәсіпкер
тұрғындардың жалпы жиналысында жасалған хаттамасы негізінде келісім жинаған.
Надия Катаева, адвокат:
Шын мәнінде, құжаттардың барлығы қолдан жасалған.
Тұрғындардың қолы қойылған құжат заңсыз деп есептейміз. Тізімдегі тұрғындардың
көбі пәтер иелері емес. Оның үстіне бастапқыда бұл жерде азық-түлік дүкені
болады деген. Ал қазір бұл ғимаратта не орналасатыны белгісіз.
Қоғаушы тұрғындардың атынан
сотқа шағымданды. Олар тұрғындармен болған жиналыстың хаттамасын заңсыз деп
тануды талап етіп отыр. Пәтер иелері сот
олардың талабын қанағаттандырады деп сенеді.
Самат ҚАНАҒАТОВ