Қарағанды облысының Ақтау кентінде кәріз құбырын тазалау кезінде қайтыс болған жұмысшылардың отбасы әділ тергеуді талап етуде. Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 25 маусымда болған еді. «Оқжетпес-Т» компаниясының екі қызметкері қаза тауып, тағы бір адам зардап шеккен болатын. Еңбек инспекциясы тергеуді аяқтап, кінәнің толығымен жұмыс берушіге жүктелетінін анықтады. Бірақ олардан ешқандай көмек болмапты.
Қайғылы оқиға маусымның 25-сі күні Ақтау кентінде дәл осы құдықта болған. «Оқжетпес-Т» ЖШС- нің үш жұмыскері кәріз құбырларын тазалауға кіріп, екеуі улы газға тұншығып көз жұмды.Үшінші адам әрең аман қалған. Қаржаубай Алдияров құдықтан қақалып-шашалып шыққан серігінің орнына түсем деп, қайтып шыға алмаған. Әйелі Қамар Ерболатованың айтуынша, жұмысшылардың ешқайсына улы газдан қорғайтын арнайы құралдар берілмеген. Салдарынан олар құдыққа кіре бере уланған.
ҚАМАР ЕРПОЛАТОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘЙЕЛІ:
Қауіпсіздік сақталмаған, ешқандай ауызға киетін газоанализатор не бір бепопасный поястар болмаған, әшейін жай арқанмен... Менің күйеуімнің денесін көрсеткенде мен вообще күйеуімді танымадым. Фиолетовый боп кеткен.
Қаржаубай Алдияров 17 жыл бойы Теміртауда «Оқжетпес-Т» мекемесінде құбыр орнатушы болып жұмыс істеген. Соңғы жылы пәтерлері болмаған соң осы Ақтау кентіндегі туысының жер үйінде уақытша тұрып жатыр. 6 баласы бар, олардың екеуі ғана кәмелетке толған. Қысқа жіп күрмеуге жетпей отырғанда отағасының қазасы тіпті ауыр тиді. Жұмыс беруші жерлеу рәсімдеріне көмектескен. Ал кейін мүлдем төбе көрсетпепті. Қамар Ерболатова тергеу әділетсіз өте ме деп қорқады. Кінәлілер жазаланып, отбасына тиісті өтемақы төлеуді талап етіп отыр.
ҚАМАР ЕРПОЛАТОВА, МАРҚҰМНЫҢ ӘЙЕЛІ:
Неше жылдан бері үйсіз жүрмін. Мен енді күйеуім жоқ от жағатын. Балаларымды жылы жерге қондырсам деймін. Оқжетпес маған бәлен берсін, түген бермесін демеймін. Бұл жерде сұрайтыным әділдік. Ешқандай бір балалар әкесін жоқтап қалмаса екен деймін. Мұндай случайлар болмаса екен деймін. Менің күйеуімнің құны төленсе екен деймін. Құны, адамның құны шексіз, балаларымның оқуы бар. Әкесінің тірі болғанда жасайтын жағдайын жасаса екен деймін, менің талабым сол.
«Астана» телеарнасы бұл мәселемен «Оқжетпес-Т» ЖШС–не арнайы сауал жолдады. Алайда мекеменің заң бөлімі тергеуді желеу етіп, қандай бір ақпарат беруден бас тартты. Ал Қарағанды облысы бойынша еңбек инспекциясы оқиғадан хабардар. Арнайы құрылған комиссия тергеп-тексерген. «Оқжетпес-Т» ЖШС –нің қауіпсіздік және еңбекті қорғау заңының талаптарын өрескел бұзғаны анықталды.
ДАНИЯ САДЫҚБЕКОВА, ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ЕҢБЕК ИНСПЕКЦИЯСЫ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Қорғаныс құралдарын бермегендіктен жұмыскерлер жаңағы жерде қаза табады, улы газдан уланып екі жұмыскер қаза табады. Бір адам денсаулығына ауыр зиян келтіретін болады. Тергеп тексерудің нәтижесінде комиссия бір ауыздан бұл жерде «Оқжетпестің » кінәсі 100 пайыз боп табылды.
Еңбекті қорғау инспекторларының тергеу нәтижесі облыстық полиция департаментіне жолданды. Енді бұл іспен тергеушілер айналысады.
БАҚЫТЖАН ҚҰДИЯРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Кәріз құбырларын тазалау кезінде екі адамның қайтыс болу дерегі бойынша сол күні ҚР ҚК 156 бабы, 4-інші тармағы яғни, «екі адамның өліміне әкеліп соққан еңбек қағидаларын бұзу» дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық оқиға бойынша жан- жақты тергеу әрекеттері жүргізіліп, заң талаптарына сәйкес шешім қабылданады. Осыдан кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жолданатын болады.
Істі әділ тергеуді Қаржаубай Алдияровтың әйелі ғана емес зардап шеккен тағы екі отбасы да талап етіп отыр. Олардың біреуі қайтыс болса, екіншісінің жүйке жүйесі мен психикасына ауыр зақым келген. Ол бізге сұқбат та бере алмады. Жұмысшының үш жас баласы мен жаңа босанған әйеліне ешқандай көмек көрсетілмеген.