Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Атырау облысында жатақхана өртеніп, 6 адам қаза тапты

AstanaTV
02.03.2018ж. 20:00
1944
Атырау облысында жатақхана өртеніп, 6 адам қаза тапты

Атырау облысы Қарабатан кен орнындағы жатақхана өртеніп, 6 адам қаза тапты. Тағы төрт адам зардап шекті. Төтенше жағдай комитеті таратқан мәліметке сүйенсек, өрт таңертеңгі сағат сегізде шыққан. Қарабатан кен орнындағы 120 орындық жатақхана «Пиэ Сай Строй Индустрия» ЖШС-не тиесілі. Тілсіз жаудың неден шыққанын анықтау үшін арнайы штаб құрылды. Алдын ала болжам бойынша өртке электр желісінің ақаулығы себеп болған. Ал жалын шарпыған аумақ 500 шаршы метрді құрайды.

Замир Бердашев, Атырау облысы ТЖД бастығының орынбасары: 

Штабтың ең бірінші жұмысы оқиға орнына барып төтенше жағдайды жою бойынша жұмыстар атқарылып, жеке құрам жеткілікті ме, жоқ па - сол жұмыстарды атқарады. Оның басында жедел тергеу тобы бірге жұмыс істеп жатыр. 

Компания өкілдері зардап шеккендер мен қаза болғандардың отбасына арнайы көмек жасайтындарын жария етті. Вахталық қалашықтағы бұл жатақхана контейнерлерден құрастырылған. Зардап шеккен Қанат Жарқынбековтың айтуынша, олар өрт кезінде терезе арқылы сыртқа шыққан.

Қанат Жарқынбеков:

Білмейміз ғой, комнатта отырғанбыз. Енді келіп шешініп жатқанбыз. Жұмыстан келіп шешініп жатқанбыз. Терезеден шығып үлгірдік.

Бауыржан Әкімғалиев, Атырау облыстық ауруханасы директорының орынбасары:

Бір науқас реанимация бөлімшесіне салынды. Жағдайы өте ауыр. 2-3 дәрежедегі күйік, 75 пайыз. Бір науқас хирургия бөлімшесіне жатқызылды. Жағдайы орташа. Бір науқас бақылауда жатыр. Бір науқас үйіне жіберілді. Қалған науқастар ем алып жатыр.