Өскемен қаласында ШҚО ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері “Қарасора-2026” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру фактісін анықтады. Облыс орталығының 45 жастағы тұрғынының тұрғылықты жерін тексеру барысында полицейлер жасыл түсті 6 түп өсімдік егілген жылыжайды анықтады.
Сондай-ақ моншадан құрамында өсімдік текті зат бар екі қағаз бума тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген өсімдіктер “Қарасора” тегіне жатады және есірткі құрал болып табылады. Кептірілмеген өсімдіктердің жалпы салмағы 1085 грамды құрады. Сонымен қатар 2,65 грамм кептірілген марихуана мен құрамында темекі қоспасы бар марихуананың бар екендігі анықталды. Белгілі болғандай, ер адам қарасора тұқымдарын интернет арқылы тапсырыс беріп, пошта арқылы алған. Оның айтуынша, бұл өсімдіктерді тек жеке мақсатта пайдалану үшін өсірген. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, күдіктіге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Полиция есірткі өсімдіктерін заңсыз өсіру және есірткі заттарын сақтау қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады. Полиция өңірдегі есірткі қылмыстарын анықтау және олардың жолын кесу жұмыстарын жалғастыруда.