Ауа райы -
Негізгі / Жаңалықтар / Қараөткел ауылындағы ауыз су проблемасы биыл шешілуі мүмкін

Қараөткел ауылындағы ауыз су проблемасы биыл шешілуі мүмкін

Астананың іргесінде тұрған Қараөткел ауылының тұрғындары нәжіс араласқан су ішіп отырмыз деп арнамызға шағымданды. Ал үш жыл бұрын қыруар қаржы бөлінген ауыз су құбырының құрылысы әлі аяқталмаған көрінеді. Сондықтан жерге көмілген құбыр сол күйі қала ма деп қауіптенеді. Ауылға ауыз су қашан жетеді? Дәуренбек Бақдәулетұлы біліп келді.

Қаратөкел ауылындағы әр үйде мынадай құдық қазылған. Ауыз суды осыдан ішеді. Өйткені орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Мына құдық суы кеше алынған. Бір тәулікте ақ шелек сары шелекке айналады. Дәмі де кермек тартады. Осылай деген тұрғындар суға нәжіс араласады деп топшылайды.

Амангелді Құсайынов, Целиноград ауданы Қараөткел ауылының тұрғыны:

Енді суды біз 5 метр тереңдіктен алып тұрмыз ғой, ал әжетхананың кәрізі 3-4 метр тереңдікте жатыр. Сол су жер астымен барып, қосылып жатыр ғой.

Нұрмағамбет Егінбаев, Целиноград ауданы Қараөткел ауылының тұрғыны:

Біз қалаға бір адым болсын жақынбыз, сөйте тұра бізде не су жоқ, не инфрақұрылым жоқ.

Судың сапасына күмәнданған ауылдың үлкендері қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына барып, өз еріктерімен су сынамасын тапсырыпты. Мамандар су таза емес деп отыр.

Әбсаттар Иса, Целиноград ауданы қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:

Құрғақ қалдық, түстілігі, лайлылығы бойынша, жалпы керемктілігі - 4 позиция бойынша сәйкессіздік анықталған. Мүлде су жоқ жерде ондай суды пайдаланады. Суды 5,6,7 метр тереңдіктен алғандықтан, негізгі стандартқа сай келмейді.

Ауылға су құбыры 2015 жылы тартыла бастапты. Бірақ тұрғындар ол жұмыс аяқсыз қалды деп қауіптенеді. Ауыл әкімі әу баста Ақмол ауылынан асып, Сабындыдан су жүргізу жоспарланғанын айтады. Бірақ өзі келгелі Астанадан, жақыннан су тарту туралы келісім жасаған. Сондықтан қыркүйекте ауыл халқы ауыз суға қарық болады деп отыр.

Мэлс Жұмабаев, Қараөткел ауылдық округінің әкімі:

Су құбырын тарту үшін кешенді жоспарға сәйкес, 2018-ші жылға, биылға қарастырылған. Қазіргі таңда тендерлік жұмыстар өтті, анықталды қандай компания жүргізетіні, енді мемлекеттен қаражатты күтіп отырмыз. 219 млн тенге керек.

Тұрғындардың айтуынша, жаңа әкім атқаратын шаруа көп. Ол жол, көше жарығы, жол қатынасы. Әзірге арасын бір көше қиятын Ильинка мен Қараөткелдің жағдайы халықтың ащы мысқылын тудырады.

Амангелді Құсайынов, Целиноград ауданы Қараөткел ауылының тұрғыны:

Екі Корея сияқтымыз, міне мына шекараның арғы жағы Оңтүстік Корея да, бергі жағы - Солтүстік Корея. Бізде анау жоқ, мынау жоқ, ал анда бәрі де бар. Біз де сол сияқтымыз.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ