$464.02 €536.18 ₽5.54
×

Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтіндердің үлесі 1%-ке жетпейді

Қазақстанда қашықтан жұмыс істейтіндердің үлесі 1%-ке жетпейді

Қазақстан халқының 99 проценті интернетпен қамтылған.  Еліміз жасанды интеллект енгізуге дайындық индексі бойынша 195 елдің ішінде 60-орында. Цифрлық әлеуетіміз артып келеді. Алайда онлайн форматта жұмыс істейтін еңбеккерлердің үлесі 1 процентке жетпейді. Кеңсеге бармай-ақ өнімді жұмыс істеуге не кедергі? Тілші Айсәуле Съезбек зерттеп көрді.

Әлемдік еңбек нарығында қашықтан жұмыс істеу ұғымы пандемия кезеңінде мықтап қалыптасты. Амалсыздан онлайнға ауысқандар жағдай тұрақталғанда бұл үрдістің  ұтымдылығын түсінді. Яғни, кеңсеге барып-келуге уақыт пен энергия құртпай, ас-суды үйде ішіп отырып жұмыс істеу көпшілікке ұнады. Жаһандық деңгейде жұмыс күшінің қазір 28 проценті онлайн еңбекке төселген, - дейді Gullap халықаралық зерттеу ұйымдары. Ал Қазақстанда былтыр 44 мың 209 адам қашықтан отырып нанын тапқан. Бұл еңбекке жарамды халықтың 1 процентіне де жетпейді. 

АЙНҰР ӘЛІМБЕТОВА, ҚР СЖРА ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫ ЕҢБЕК ЖӘНЕ ТҰРМЫС ДЕҢГЕЙІ СТАТИСТИКАСЫ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАС САРАПШЫСЫ:

2026 жылғы 2 тоқсанда халықты жұмыспен қамту іріктемелі зерттеу қорытындысы бойынша қашықтықтан жұмыспен қамтылған халықтың үлесі 0,3%-ды құрады. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда қашықтықтан жұмыспен қамтылғандар 6,5%-ға өсті. Қашықтықтан жұмыспен қамтылғандардың көп бөлігі Маңғыстау және Түркістан облыстарында, Алматы қаласында шоғырланған.

Қашықтан жұмыс істеуге жақсы бейімделген – білім экономикасы.  Одан кейін IT, маркетинг, кеңес беру, қаржы секілді зияткерлік кәсіптер гибридті формаға көшіп үлгерді. Коронавирус кезінде онлайн оқытудың қыр-сырын терең меңгерген мұғалім Оразбек Әбсаттар қазір  жеке компанияның басшысына айналған. 12 жыл тек мектепте сабақ берген ұстаз интернет арқылы бүгінде елдің түкпір-түкпіріндегі оқушыларды тарихтан ҰБТ-ға дайындайды. Қол астындағы 100- ге жуық қызметкердің 70 проценті онлайн жұмыс істейді.

ОРАЗБЕК ӘБСАТТАР, ТАРИХ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:

Алғашқы кезде бүкіл қызметкер онлайн форматта істеген. Қазіргі таңда бізде компания үлкейген соң, әрбір бөлімнің басшылары ғана офлайн жұмыс жасайды.  Әрбір оқушыға көңіл бөлетін кураторлар онлайн форматта жұмыс жасайды. +Мен кәсіпкер ретінде плюстарын көп байқаймын. Офлайн формат болса, 100-ге жуық кадрды офиске отырғызу – аренданың шығыны, интернеттің шығыны, тағы да басқа шығындар бар. Қазіргі жастар арасында онлайн жұмыс трендке айналып келе жатыр.

Елімізде үйден қызмет ету Еңбек кодексінде бекітілген. Мұндай ұсыныстың еңбек нарығында аздығына заң да, интернет те себеп емес, - дейді сарапшылар. Басты кедергі – компаниялардың ішкі ұйымдастыру тәртібі мен қадағалауға арналған технологияларының жеткіліксіздігі. Олар бұл бағытта қайта құрылуға шығындалғысы келмейтін көрінеді.