$465.19 €536.55 ₽5.61
×

Оралдық білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі өткізілді

14.08.2026ж. 19:00
Оралдық білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесі өткізілді

Жаңа оқу жылында Орал өңіріндегі жаңа мектептердің қатары көбеймек. Бұл сүйінші хабар облыстық тамыз кеңесінде айтылды. Аймақтағы білім беру ұйымдарын цифрландыру бағытындағы тың жобалар биыл да жалғасын табады. Мұғалімдердің мерейін өсірген жиыннан оралған тілшіміздің материалында толығырақ.

Бұл қондырғы - мұғалімнің ақылды көмекшісі. Оқушының білім деңгейін анықтайтын тестті өзі құрастырып, нәтижесін бірер минутта шығарады. Ұстаздарды дәптер тексеру азабынан құтқарар құрылғыны өңірдегі оқу орындары қолдана бастаған.

ДІНМҰХАММЕД ҚҰМАРҒАЗИН, ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:

ҰБТ, аттестация, мемлекеттік аттестация түрлері қарастырылған және ұстаздарымызға арналған жасанды интеллект репетиторы, ҚМЖ-ны дайындау, БЖБ мен ТЖБ сұрақтарын дайындау біздің платформамызда қарастырылған. Мектеп әкімшілігіне арналған статистика мен толыққанды анализ қарастырылған.

Білім саласын цифрландыру аясында аймақ мектептеріне 6 мыңнан астам ChatGPT Edu лицензиясы берілді. Бұл - мұғалім жұмысын жеңілдетіп, оқу процесін сапалы етпек.

ҚАЙЫРЖАН МЕҢДІҒАЛИЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Жаңа оқу жылы қарсаңында 7 шағын жинақты мектеп, жергілікті бюджет есебінен тағы бір мектеп пайдалануға беріледі. Және сапалы білім тек жаңа мектеппен өлшенбейді. Оның басты нәтижесін ұстаздың еңбегі мен білім сапасы көрсетеді. Сондықтан біз балалардың шығармашылық және инженерлік қабілетін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз.

Тамыз кеңесінде облыстағы білім сапасы республикалық орташа көрсеткіштен жоғары екені айтылды. Үлгерімі үлгілі оқушыларымен озған ауыл мектептері де алдыңғы орында тұр. Осының арқасында Орал өңірі білім сапасы жоғары өңірлердің қатарында. Жиын барысында ардагер ұстаздардың да еңбегі еленіп, аймақтың үздік білім беру ұйымына 68 миллион теңге сыйақы берілді.