$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Павлодарлық кәсіпорын бәс саудада 12 мың теңгеге сатылған

AstanaTV
02.03.2018ж. 20:00
2538
Павлодарлық кәсіпорын бәс саудада 12 мың теңгеге сатылған

Құрылысы басталмай жатып, тоқтап қалған Павлодардағы «Спортсервис» нысаны бәс саудада 12 мың теңгеге сатылған. Бұл туралы "Астана" арнасына қалалық қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлия Қажыбекова айтты. 

Нысанның бастапқы құны 194 млн теңгеге бағаланған. Алғашқы екі сатылымда да нысанға қызығушылар табылмады. Соңғы аукционда кешен алматылық инвесторға өткен. Қаладан 10 шақырым аумақта бой көтеруі тиіс нысанның аумағы 108 гектарды алып жатыр. Сондай-ақ, мекеменің 97 млн теңге құрылысшыларға қарызы бар. Еске салсақ, құрылыс 2013-ші жылы басталып, артынша инфрақұрылым тартылмаған деген желеумен тоқтатылған еді. 

Әлия Қажыбекова, Павлодар қалалық қаржы бөлімі басшысы міндетін атқарушы:

«Спортсервис» коммуналдық мемлекеттік кешенінің сатылуы үкіметке ешқандай шығын келтірмеген. Өйткені кезінде басталған бассейн құрылысына демеушілік қаражат жұмсалған. Мемлекеттік бюджеттің қаражаты жұмсалмаған.