$464.02 €536.18 ₽5.54
×

Түрмеге зат кіргізбек болды

Түрмеге зат кіргізбек болды
Polisia

Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №59 мекемесінде тыйым салынған заттардың мекеме аумағына заңсыз жеткізілуіне жол бермеу бағытында жедел-профилактикалық іс-шара өткізілді.

Іс-шара мекеменің режим және жедел қызметкерлерінің жедел ақпаратты іске асыру мақсатындағы бірлескен жұмысы аясында ұйымдастырылды. Атап айтқанда, сағат 19:00 шамасында Аскаров көшесі бойындағы №4 және №5 бақылау бекеттері маңында күдік тудырған азамат анықталған. Мекеме қызметкерлерін байқаған азамат қолындағы скотчпен мұқият оралған түйіншекті мекеме аумағына қарай лақтырып, оқиға орнынан бой тасалауға әрекет жасаған. Алайда қырағылық танытып, жедел әрі үйлесімді әрекет еткен мекеме қызметкерлері азаматтың заңсыз әрекетінің жолын кесіп, оны тоқтатқан.

Оқиға орнына жүргізілген тексеру барысында аталған түйіншектің ішінен бір дана зарядтау құрылғысы, бір USB сымы және Redmi екі  телефоны анықталып, тәркіленді. Алдын ала тексеру нәтижесінде ұялы телефондардың SIM-картасыз екені және графикалық кілтпен бұғатталғаны анықталды. Алдын ала алынған мәліметтерге сәйкес, тәркіленген заттар №59 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматқа арналған. Аталған факті бойынша қажетті материалдар заңнамада белгіленген тәртіппен тіркеліп, тиісті құқық қорғау органдарына хабарланды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, заңсыз әрекетке қатысы бар тұлғаларды анықтау және олардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру мақсатында тиісті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне тыйым салынған заттарды жеткізуге әрекет жасау – қолданыстағы заңнама талаптарын бұзу болып табылады және кінәлі тұлғалардың заңда көзделген жауапкершілікке тартылуына әкеп соғуы мүмкін. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің белгіленген режим талаптарын қатаң сақтаудың маңыздылығын атап өтеді. Азаматтарды мекемелердің қорғалатын аумағына телефондар, байланыс құралдары, қуаттағыш құрылғылары және өзге де тыйым салынған заттарды жеткізуге немесе жеткізуге ықпал етуге бағытталған кез келген әрекеттен бас тартуға шақырады.

Сонымен қатар ҚАЖ мекемелеріндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету, режим талаптарының сақталуын бақылау және тыйым салынған заттардың мекеме аумағына өтуіне жол бермеу бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаменті қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің қауіпсіздігі мен белгіленген тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастырады.