$461.39 €534.75 ₽5.45
×

Елімізде ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 65%-ға дейін төмендейді

AstanaTV
17.08.2026ж. 19:00
Елімізде ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 65%-ға дейін төмендейді

Егін науқанын уақытында аяқтау үшін техниканың сақадай сай болуы маңызды. Былтыр шаруалар 25 мың техникасын жаңартса, бұл жұмыс биыл да жалғасты. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасының тозуы 65%-ға дейін төмендейді.

Жаңа техника – уақыт үнемдеу, жұмыстың жылдамдығы, ал ең бастысы мол өнім алуға мүмкіндік. 2024 жылы министрлік ауыл шаруашылығы техникасына жеңілдетілген лизинг бағдарламасын іске қосқан еді. Бағдарламаны қаржыландыру жыл сайын артып келеді. 2025 жылы 250 млрд теңге бөлінсе, биыл 300 млрд жұмсалмақ.

УӘЛИХАН САЙЛАУОВ, КОМПАНИЯ БАСШЫСЫ:

Жаңбырлап суару машиналарын қазіргі таңда шығарылып жатыр Қазақстанда.  Бір машинканың ұзындығы 400 метр болса, ол 50 гектар жерді қамтамасыз ете алады. Яғни 50 гектар жердің өзін 12 сағатта суғаруға мүмкіндігі бар.

Биылғы егін жинау науқанына 130 мыңға жуық трактор, 29 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың орақ, 130 мың дана басқа да аспалы әрі тіркеме техника жұмылдырылмақ. Оның ішінде 12 мыңнан астам трактор мен 2 340 комбайн жеңілдетілген лизинг бағдарламасымен сатып алынған.

ДӘУРЕН ӘБДРАХИШОВ, СЕРІКТЕСТІК БАСШЫСЫ:

Биыл жүгерімен айналысамыз алғаш рет, соны себуге сеялка сатып алдық жаңа. Жермен жұмыс істеу үшін культиватор сатып алдық. Олардың барлығы біздің жұмысымызды тездетіп, уақытында агрокешендік көктемдік егін жұмыстарын уақытында бітіруге өз үлесін тигізді.

Ал ескі техника есептен шығарылып, кәдеге жаратуға жіберіледі. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару деңгейі 6,5% болды, биыл бұл деңгейді 8 пайызға жеткізу көзделіп отыр.