Жаңа оқу жылынан бастап 2-4-сынып оқушыларының білімін бағалаудың жаңартылған тәртібі қолданылады. Ал 1-сынып оқушыларын бағалау өзгеріссіз қалады. Бұған дейін оқу жетістіктері формативтік және жиынтық бағалау арқылы анықталған. Жаңа тәсілде оқушының сабақ барысындағы күнделікті оқу жетістігі тоқсандық қорытынды бағаға көбірек әсер етеді. Бұрын формативтік бағалаудың үлесі 25 пайыз болса, енді ол 50 пайызға дейін артады.
ШЫНАР АҚПАРОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ БІРІНШІ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
Педагог тоқсан ішінде әр пән бойынша әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30 пайызында бағалайды. Мысалы, бір пән бойынша 1 тоқсанда 30 сабақ өткізілсе әр оқушы кемінде осы 30 сабақтың 9 сабақта формативтік балл алуы тиіс. Бұл ең төменгі талап. Педагог қажет болған жағдайда оқушыны одан да жиі бағалай алады.