Қарағанды облысында төтеншеліктер бірнеше күннен бері өртпен күресіп жатыр. Жалын бірнеше күн бұрын Шет ауданынан басталған. Енді қазір Жаңатоған ауылына жақындапты. Мұны журналист Керім Аянқызы Threads парақшасында мәлімдеді. Оның сөзінше, жалынды сөндіретін техника жоқ, тұрғындар өрттен өздері қорғанып жатыр.
Журналистің сөзінше, өңірдегі өртті тұрғындарың өзі сөндіруге тырысып жатыр.
“Біздің ауылға көмек керек! Ауылда өрт өршіп жатыр. Қажет техникалар жоқ. Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңатоған (Бейбітшілік) ауылы. Қанша адамның шөбі, қыстағы өртенді. Әрқайсымыздың әкеміз, туғандарымыз ауыл адамдары осы өртті сөндіріп жүр. Ауыл ішіне жақындап қалыпты. Сыныптасымыздың әкесін 50% күйік шалып, ауруханаға алып кетіпті. Жалғыз ауыл адамдарының күші жетпейді. Жанымыздан жан қалмады алаңдап. Неге аудандарда дұрыс техника жоқ? Қашан қамтылады? Жылда осы ғой. Қанша адамның еңбегі, жинаған шөптері жанып кетті. Шет ауданынан бірнеше күн бұрын басталған. Дұрыс техника жұмылдырса ауыздықтауға болатын еді ғой”, – деп жазды журналист.
Аталған жағдайға Төтенше жағдайлар министрлігі үн қатты. Олардың мәліметінше, өрт Жаңатоған ауылының маңында сөндіріліп жатыр. Өрттің елді мекен аумағына таралуына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдардың күші мен құралдары жұмылдырылған.
“Өртті сөндіру жұмыстарына желдің екпіні, жер бедерінің таулы болуы кедергі келтіріп жатыр. Бұл өрт ошағына жетуді қиындатып, жалынның одан әрі таралу қаупін арттырып отыр. Қазір өртті оқшаулау және толық сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Жағдай тұрақты бақылауда. Өрт орнына Төтенше жағдайлар департаментінің қосымша күштері мен құралдары жіберілді. Өртті сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасып жатыр”, – деп жазылған хабарламада.
Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті күштер мен құралдардың жұмысын үйлестіретін жедел штаб құрылғанын хабарлады.
Әкімдік не дейді?
Жергілікті билік мәліметінше, Қарағанды облысында дала өрті бірден төрт ауданда тіркелді. Жаңатоған ауылының маңындағы өрттен екі ер адам зардап шегіп, күйік алған.
“Зардап шеккендердің бірінің денесінің шамамен 10%-ын, екіншісінің 20%-ын күйік шалған. Екеуі де ауруханада жатыр, жағдайлары тұрақты”, – делінген жауапта.
Әкімдік өрт жайлаған аумақтардың атын атап шықты.
“Өрт Шет, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында да тіркелген. Оны сөндіруге 600-ден астам адам мен 130-дан астам техника жұмылдырылды. Жаңатоған ауылының маңында қазір құтқарушылардың екі тобы жұмыс істеп жатыр. Бесоба маңындағы қыстауларға жақын орналасқан бірнеше өрт ошағы сөндірілген. Құтқарушылар аумақты әуеден бақылап жүр. Әзірге жаңа өрт ошақтары анықталған жоқ, елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ”, – делінген жауапта.
Алайда аптап ыстық пен қатты желге байланысты өрт қаупі әлі де жоғары дейді.
Тұрғындар не дейді?
Жұрт желіде техниканың жоғына таңғалып отыр.
“Қарқаралыдағы ағамнан сұрадым. Бар техниканың күші мұндай өртті тоқтатуға жетпейді. Өрттің алдын ауыл болып бірігіп, тоқтатуға тура келеді дейді. К-700 тракторлары жоқ па екен? Алдын ала жерді қазып, өрттің таралуына жол бермеуге болмас па еді?”.
“Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңатоған ауылына көмек керек. Көптеген гектар жерлер қыстақтар өртеніп жатыр техникалар керек!”, – деп жазды бірі.