Бали әуежайында 25 жастағы Қазақстан азаматының жүгінен 1 келіден астам күмәнді гашиш табылды. Әйел есірткіні басқа адамның өтінішімен жеткізгенін айтқан.
Индонезияның Бали аралында Қазақстан азаматы есірткі тасымалдады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы жергілікті The Bali Times басылымы хабарлады.
Бали провинциясының Ұлттық есірткіге қарсы күрес агенттігінің (BNNP Bali) мәліметінше, ұсталған әйелдің аты-жөні әзірге VM деген инициалдармен ғана жарияланған. Ол 4 тамызда Бангкоктан Денпасарға келген рейсті тексеру кезінде қолға түскен.
Тінту барысында оның чемоданынан салмағы 1,079 келі болатын күмәнді зат табылған. Агенттік мәліметінше, зат киімдер мен аксессуарлардың арасына жасырылған пластик контейнердің ішінен шыққан.
Тергеу кезінде күдікті чемоданды Қазақстаннан келген басқа әйелдің бергенін айтқан. Оның сөзінше, Балиге барғаннан кейін жүкті белгісіз адамға тапсыруы керек болған.
Алайда тергеушілер әйел көрсеткен делдалдың 2020 жылы Индонезиядан кетіп қалғанын анықтаған. Қазір оның Қазақстандағы байланыстары және есірткі тасымалына қатысы болуы мүмкін өзге де адамдар тексеріліп жатыр.
Қазақстан азаматы күдікті ретінде қамауға алынып, BNNP Bali кеңсесінде ұсталып отыр. Оған Индонезияның 2009 жылғы №35 «Есірткі заттары туралы» заңының 111-бабы 1-тармағы бойынша айып тағылған. Бұл бап 4 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.
Тергеу жалғасып жатыр.