$461.39 €534.75 ₽5.45
×

«Bek Air» ұшағы апатынан кейін алты жыл өткен соң жәбірленушілер өтемақы талап ете бастады

«Bek Air» ұшағы апатынан кейін алты жыл өткен соң жәбірленушілер өтемақы талап ете бастады
Азаматтық авиация комитеті "Bek Air ұшағының" рейсіне түсінік берді

2019 жылғы желтоқсанда болған «Bek Air» ұшағының апатынан зардап шеккен жолаушылар мен қаза тапқандардың туыстары алты жыл өткен соң өтемақы өндіріп алу үшін сотқа жүгіне бастады. Бұл туралы Kozachkov offside телеграм арнасынан белгілі болды.

2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы әуежайында «Bek Air» әуе компаниясының «Fokker-100» ұшағы апатқа ұшыраған. Астанаға бағыт алған рейсте 98 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Ұшақ әуеге көтерілген кезде басқарудан айырылып, ұшу-қону жолағынан шығып кеткен. Кейін заңсыз салынған үйге соғылған. Апат салдарынан 12 адам қаза тапты.

Арада алты жыл өткен соң, 2025 жылғы қарашада, апатқа ұшақ экипажының командирі Марат Мұратбаев пен екінші ұшқыш Миржан Молдақұлов кінәлі деп танылды. Екеуі де қайтыс болғандықтан, сот ісі сырттай жүргізілді.

Сот зардап шеккендердің азаматтық талап қою арқылы өтемақы өндіріп алу құқығын да мойындаған.

Осыдан кейін жәбірленушілер мен қаза болғандардың туыстары сотқа жүгіне бастаған.

Алғашқылардың бірі болып балабақша тәрбиешісі Амина Оспанованың ұлы Фазыл Оспан талап арыз берген. Амина Оспанова мемлекеттік награда алу үшін Астанаға ұшып бара жатқан. Алайда бұл рейс оның өміріндегі соңғы сапар болды.

Сот апатқа кінәлі деп танылған ұшқыштардың «Bek Air» компаниясында жұмыс істегенін ескеріп, әуе компаниясының да жауапкершілігі бар деген қорытындыға келген. Нәтижесінде сот «Bek Air»-ден 5 млн теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды. Қаулы заңды күшіне енген.

Сондай-ақ сол рейстің жолаушысы Жанат Әбилевморальдық зиян үшін 10 млн теңге және билет құнын қайтаруды талап еткен. Ер адам апаттан дене жарақатын алмағанымен, психологиялық зардап шеккенін айтқан. Сот оның моральдық зиянын 1 млн теңге деп бағалаған.

Ал осы аудандық сотта тағы бір іс қаралып жатыр. 33 жастағы Шыңғыстөре Жұмаханов апаттан кейін мүгедек болып қалғанын айтып, шамамен 90 млн теңге өтемақы талап етіп отыр.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары «Bek Air» иесі Нұрлан Жұмасұлтановтың және компанияда басшылық қызмет атқарған отбасы мүшелерінің әрекетінен қылмыс белгілерін анықтамаған.