Негізгі / Жаңалықтар / Бүгін «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арналған үндеу жарияланды

Бүгін «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа арналған үндеу жарияланды

Еліміздегі әрбір отбасының баспанасы болуы керек. Оны алу үшін адамдарға жаңа мүмкіндіктер жасалады. Атап айтсақ, банктер халыққа жеті пайыздық үстемемен несие беруі тиіс. Бастапқы жарнасы 20 пайыздан аспайтын болады. Бұл туралы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты жаңа үндеуде айтылған. Осы бастамаларға сай, жалақысы төмен жұмыскерлерге салықтық жеңілдіктер жасалады. Ал Астанаға газ тартылады. Студенттер  жатақханаға қол жеткізіп риза болмақ. Парламент палаталарының бірлескен отырысынан Айгүл Әдепбай әңгімелейді.

Несиені несібем деп түсінетін заманда үй-күйсіз жүрген қалың қараша елең етті. Президент халыққа баспананы қолжетімді еткізді. Салықты төмендетіп, оқу гранттарын 20 мыңға  арттырды. Студенттер жатақханамен қамтылып, 1,5 жылда Астанаға газ жететін болды. Енді рет-ретімен. 

Бірінші бастама бойынша баспана жайы шешілмек. Президент несиенің пайыздық үстемақысын 7 пайыздан асырмауды тапсырды. Бастапқы жарна - 20 пайыздан артық болмауы керек. Ал несиелеу мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды. Ол үшін Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржы тартатын арнайы компания құрып, ол қаржыны банктердің жоғарыда айтылған шарттар бойынша беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Алайда, Ұлттық банктің төрағасы Данияр Ақышев тапсырманы мұқият жазып алғысы келді ме, әлде міндет ауыр ма, әйтеуір басын көтермеді. Президенттің екінші әлеуметтік бастамасы - жалақысы төмен жұмысшылардың салығын азайту.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық алуды ұсынамын.

Бұл тапсырманы орындау үшін қаржы министрлігі іске кірісуге дайын.

Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:

Ол үшін тапсырманы қабылдадық қазір. Тиісті жұмыс тобы ұлттық экономика министрлігімен бірге тиісті заң жобасын енгізуіміз керек.

Үшінші бастама студенттерге жағдай жасау. Қазіргі жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында тағы 20 мың грант бөлінеді. Президент 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырды. Жұмыс мемлекеттік жеке меншік серіктестік негізінде жасалады. Мемлекет жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың бір бөлігін қайтарып береді. Осылайша алдағы 4 жылда жатақхана тапшылығы біржола шешілмек. 

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Біз енді жан басына қаржыландыру механизмді қазір енгізсек, ары қарай өздері университеттер бар, жеке меншік компаниялар бар, әкімдіктер бар - өздері барып жатақхананы салады. Бірақ оның ақшасын қайтарып беру механизмі болу керек. Соны қазір дайындасақ, нақты жоба ретінде Үкіметке енгіземіз.

Шағын несие беруді көбейту - Президенттің төртінші әлеуметтік бастамасы. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Биыл қазақстандықтарға берілетін шағын несиені былтырмен салыстырғанда 20 млрд теңгеге көбейтуді тапсырамын. Нәтижесінде несие алып, өз ісін бастайтын азаматтардың саны былтырғыдан 2 есеге артып, 14 мыңға жететін болады.

Бесінші бастама газдандыру жайын қамтыған. Әсіресе, жырға айналып кеткен Астанаға газ жеткізу мәселесіне Президент нүкте қойды. Қараөзек, Қызылорда облысынан Жезқазған, Қарағанды, Теміртау арқылы өтетін магистралді газ құбырымен көгілдір отын Елордаға бет алмақ. Одан соң табиғи газ Павлодар, Петропавл және Көкшетауға да жетіп қалмақ. Президент бұған қажет ақшаны халықаралық қаржы институттарынан тартуды тапсырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл 2,7 миллион адамды газбен қамтамасыз етумен қатар, Арқаның экологиялық жағдайына зор ықпал ететін болады.

Газдандыру жобасына ерекше риза болған жанның бірі  - энергетика министрі. 

Айгүл Әдепбай, тілші:

Осылайша халықтың әлеуметтік жағдайын оңалтады деген 5 нақты бағыт жарияланды. Ендігі міндет - тиісті механизмдерді жұмыс істету.

Айгүл ӘДЕПБАЙ