Негізгі / Жаңалықтар / Қарағандыда пешпен жылытылып келген көп қабатты үйлер жылуға қосылуы мүмкін

Қарағандыда пешпен жылытылып келген көп қабатты үйлер жылуға қосылуы мүмкін

Қарағандыда пешпен жылитын жүзден астам көп қабатты үй орталықтандырылған жүйеге қосылуы мүмкін. Аймақтың энергетиктері қыруар мөлшерде қосымша қуат көзін өндірген. Ендігі мәселе осы мол жылуды орталық қазандыққа қосып, үйлерге тарату. Бірақ ол үшін қыруар қаржы керек. Ондаған шақырым құбырлар жүйесі тартылуы тиіс. Жағымды жаңалықты естіген тұрғындар шенеуніктерден жоспарды тез арада іске асыруды сұрайды. 

Бобруй көшесіндегі 5 көп қабатты үй орталық жылу жүйесіне қосылмаған. Тұрғындар 15 жылдан бері пеш жағады. Кейбірі электр жылытқыштарын пайдаланады. Ол қуатты көп тартатындықтан, жалақымыздың жартысы коммуналдық төлемдерге кетеді,- дейді олар.

Гүлмира Жұмабекова:

Қосымша энергия пайда болғанын естідік. Енді әкімдік үйлерімізді тезірек жылу қазандығына қосып берсе екен. Тапқан-таянғанымыз тоққа кетеді. Бала-шағамызды әрең асыраймыз. Жылуға қосылсақ, коммуналдық төлем азаяр еді.

Қарағандыда орталық жылу қазандығына қосылмаған жүзден астам көп қабатты үй бар. Әсіресе, Октябрь ауданы мен қала орталығында көп. Соңғы жылдары пешпен жылитын үйлерде өрт оқиғалары көбейген. Энергетиктер мәселені шешу үшін қосымша 200 гигакалорий қуат көзін өндірген. Ол үшін жылу электр станцияларында жаңа кешендер салынды. Жылу қоры пеш жағатын көп қабатты үйлер мен жаңадан салынып жатқан аудандардағы құрылысқа жұмсалады.

Андрей Ляпунов, Қарағанды энергоорталығының бас директоры:

Қалада жылу тапшылығы жоқ. Тіпті, энергия артығымен өндірілді. Ендігі мәселе - оларды тасымалдап, тұтынушыларға жеткізу. Ол үшін құбырлар тарту керек. Құны 5 млрд теңгені құрайтын жоба жасадық. Жаңағы үйлерге құбыр тартылысымен, біз де құрылысқа кірісеміз.

Қалалық құрылыс бөлімі құбырлар жүйесінің жобалық-сметалық құжатын жасаған. Оның құны 22 млрд теңге. Ұзындығы 22 шақырымға жуықтайды. Құбырлар салынса, жылуды мұқтаж тұтынушыларға жеткіземіз,-дейді шенеуніктер.

Жақсылық Шалабеков, Қарағанды қалалық құрылыс бөлімінің жетекшісі:

Аудандарды, жаңағы жаңадан тапсырылып жатқан көп қабатты үйлерге де жаңағыдан жылу жеткізуіміз керек. Магистральдық сеть жобасын жасағанбыз. Оның ұзындығы 22 км-дей болып шықты.

Айжан Қуаш, тілші:

Дегенмен, құбырлар толық тартылып біткенше, әлі талай уақыт керек сияқты. Өйткені, жобаны іске асыруға қаржының қайдан, қашан бөлінетінін мамандардың өзі де білмейді. Яғни көп қабатты үйлердің пеш жағудан жақын арада қол үзе қоюы екіталай. Тұрғындардың келесі қысты да күйелеш болып көмір жағып, немесе электр жылытқыштарға телміріп өткізбейтініне кепілдік жоқ

Айжан ҚУАШ