Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Астанада ақысыз ота жасайтын ақ халаттылар табылды

AstanaTV
05.03.2018ж. 20:00
3865
Астанада ақысыз ота жасайтын ақ халаттылар табылды

Астанада мұқтаж балаларға ақысыз ота жасалады. Мұндай игі істі елордалық дәрігер қолға алмақ. Жағдайы жоқ отбасылардан шыққан науқас балаларға қол ұшын созу туралы бастама жұртшылық тарапынан қызу қолдау тапты. Отаны тегін жасауға тіпті шетелдік мамандар да тартылуы мүмкін. Ақысыз ота жасау шарасы қашан бастау алады? Бұл туралы Диана Сапарқызы баяндайды.

Диана Сапарқызы, тілші:

Елордадағы жеке клиникалардың бірінде еңбек ететін пластикалық хирург Мағзұм Оңғаров мұндай ерекше бастаманы осыдан екі жыл бұрын ойға алған екен. Ал оны іске асыру сәті биылға тура келді. Алғашқы ота 4 сәуір күні 7 жасар балаға жасалмақшы. Бүлдіршін туа біткен бас сүйегінің деформациясы сырқатына шалдыққан. Дәрігер бұл отаға тыңғылықты әзірлік үстінде. 

Мағзұм Оңғаров, пластикалық хирург:

Сәбиге уақытылы ем жасалуы қажет. Балалар дәрігерлерімен сөйлестік. Мен ересек адамдардың хирургы болғандықтан, балаларға ота жасауыма қатысты бірқатар шектеулер бар. 

Мағзұм Оңгаров "Facebook" әлеуметтік желісіндегі парақшасында әріптестеріне жетім балаларды емдеу үшін кәсіби хирургтер, травматологтар, урологтар мен өзге де мамандардан топ жасақтау туралы ұсынысын жазған. Бір күн ішінде дәрігердің ерекше бастамасына 20 мыңнан астам адам ұнату белгісін басқан. Хабарлама жазып жатқандарда есеп жоқ. Арасында тың бастамаға материалдық қолдау көрсеткісі келетін жандар да бар.

Аслан Қабдуллин: 

Оң бастамаға мен де ат салысқым келеді. Шприцтер шығаратын зауыттың басшысы болғандықтан, сіздерді қажетті медициналық бұйымдармен шама келгенше қамтамасыз ете аламын. Материалдық шығындарға да қолдау көрсеткім келеді.

Клара Көпейқызы:

Алла риза болсын! Барлық оталар сəтті өтсін! Осы бастаманы қолға алған дәрігерлерді Алла қолдасын! Еш уақытта жаманшылық көрмесін, денсаулықтары мықты болып, ұзақ өмір сүрсін!

Мағзұм Оңғаров, пластикалық хирург:

Біз жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетуіміз керек. Бұл бастаманы клиникамыздың басшысымен талқыладық. Ол бізді қолдады. Емханадағы қажетті құрылғыларды осы мақсатта пайдалануға рұқсатын берді.

Бұл қайырымдылық жобаны Мағзұм Оңғаровтың әріптестері де қолдап отыр. Арасында  гинеколог, уролог, УЗИ мамандары мен тіс дәрігерлері де бар. Баланың басына ота жасамас бұрын, стоматолог дәрігерлердің де толық тексеруі қажет. 30 жылдық тәжірибесі бар тіс дәрігері Мейрам Раганин - бастамаға қолдау білдіргендердің бірі. Ол да жетім балаларды ақысыз тексеретін болады. 

Диана Сапарқызы, тілші:

Астаналық дәрігердің бұл бастамасына еліміздің ғана емес, ТМД мемлекеттерінен, Израиль, Германия, Италия мен Швецияның да білікті мамандары қолдау көрсетіп отыр. Демеушілер  шетелдік дәрігерлердің  елге келіп-кету шығындарын өтейді. Мамандардың хабарлауынша, егер мұндай күрделі оталар ақылы түрде жасалатын болса, бір операцияның орташа құны 700 мыңнан басталып, 1,5 млн теңгеге дейін жетеді екен.