Қызылжарда полиция қызметкерлері зейнеткерлерді алаяқтардан сақтау үшін WhatsApp мессенджерінде арнайы топтар аша бастады. Топ мүшелеріне күн сайын интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен сақтану жолдары туралы ақпарат таратылып отырады. Сондай-ақ, тұрғындар кез келген уақытта көкейінде жүрген мәселелер бойынша сұрақ қойып, мамандардан кеңес ала алады. Топ құрамында полиция, прокуратура және мемлекеттік органдардың қызметкерлері бар. Бүгінде Солтүстік Қазақстан бойынша 400-ге жуық зейнеткер топқа қосылып үлгерген. Бұдан бөлек, дәл осындай топтар білім беру және денсаулық сақтау саласының қызметкерлері үшін де құрылған. Жалпы жыл басынан бастап теріскейде интернет-алаяқтықтан 363 адам зардап шеккен. Олардың 88-і қариялар.
ӘЛЬНҰР АХМЕДЬЯРОВ, СҚО ПД КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
Тәулігіне бір-екі интернет-алаяқтық дерегі тіркеледі. Бүгінгі таңда оның алдын алудың жалғыз жолы - сапалы профилактика. Тек Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 18 мамырдан бері зейнеткерлерге қоңырау шалып, алаяқтық жасауға 70-тен астам әрекет жасалған. Қазір арнайы чаттарға шамамен 400 зейнеткер, 500 медицина қызметкері және 300 педагог қосылған.